Жас самбошылар Төретамда жүлделі болды

Қармақшы ауданы, Төретам кентінде самбо күресінен Жанқожа Нұрымбетұлын еске алуға арналған ашық республикалық турнир өтті.

Спорттық додада 2008-2009 жылы туған 38, 42, 46, 49, 53, 64, 71 және 2011-2012 жылы туған 26, 29, 32, 35, 38, 42, 46, +46 келі салмақтағы самбошылар сынға түсті. Нәтижесінде маңғыстаулық Тимур Есболаев 42 келі салмақта сынға түсіп, 1-орын алды. Медет Ерболатұлы 64 келі салмақта күресіп, 2-орынды қанжығаға байлады. Ал 46 келі салмақта белдескен Диас Сәрсенбек 3-орынға ие болды.

Жалпы жарысқа елдің түкпір-түкпірінен келген 250 спортшы қатысты. Жарыстың мақсаты – жас спортшылардың шеберлігін шыңдау, салауатты өмір салтын насихаттау, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану.

Спортшылардың жол шығынын “7 жұрт” қоғамдық бірлестігі Жол жүру гранты жобасы аясында өтеді. Жоба Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен іске асты.

Exit mobile version