Жаңаөзенде дәстүрлі садақ атудан І республикалық чемпионат өтеді

фото ғаламтордан алынды

Жаңаөзен қаласында 13-17 қазан аралығында дәстүрлі садақ атудан І республикалық чемпионат өтеді. Спорттық дода ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында ұйымдастырылады. Бұл туралы Маңғыстау облыстық дәстүрлі садақ ату және жамбы ату федерациясының президенті Сәнім Мурадова хабарлады.

Шара Жаңаөзен қаласындағы №1 Ә.Тұяқов атындағы стадионында өтеді. Мақсаты – ұлттық құндылығымызды қайта жаңғырту. Чемпионатқа Қазақстанның 15 облысы 3 қаласынан 300 спортшы қатысады. Мергендер ататын нысана түрлері: Орта Азия нысанасы, түріктің Пута нысанасы және әлемдегі ең қиын нысана – қазақтың жамбы нысанасы. Сондай-ақ, алғаш рет командалық жарыс өткізіледі.

-Өңір бойынша Қарақия ауданында, Жаңаөзен қаласында, Қызылсай және Таушық ауылында дәстүрлі садақ және жамбы атудан үйірмелеріміз бар. Ал Федерация 2019 жылы құрылды. Алда келе жатқан республикалық чемпионатта облыстан 30 бала өнер көрсетеді. Бұл спорт түріне ата-аналардың қызығушылығы мол. Өйкені, денсаулыққа пайдалы екеніне көздері әбден жетіп жүр. Көзілдірікпен келген балалардың көру қабілеті жақсарғанын байқап жүрміз, – деді Маңғыстау облыстық дәстүрлі садақ ату және жамбы ату федерациясының президенті Сәнім Мурадова.

Сонымен қатар, облыс көлемінде 400-ге жуық спортшы дәстүрлі садақ ату спорт түрімен шұғылданады. Оның ішінде республикалық және халықаралық жарыстарда 10-15 спортшы өнер көрсетіп жүр. Алдағы уақытта жаңа үйірмелерді Ақтау, Шетпе және Бейнеу ауданында ашу жоспарланған.

Exit mobile version