Ұлттық спорт ойындарынан жарыс қорытындыланды

Фото авторы: Аңсат Рахимов

9 шілдеде Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы және Маңғыстау облысының дзюдо күресі және жекпе-жек түрлері федерациясы ұйымдастыруымен ұлттық спорт ойындарынан жарыс қорытындыланды. Спорттық жарыста 8, 26, 27, 28, 29 шағынауданнан келген командалар ләңгі тебу, арқан тартыс, қазақ күресі, қол күресі, гір тасын көтеруден сынға түсті.

29 шағынаудан жастары барлық жарыста жоғары ұпай жинап, командалық есеп бойынша 1-орын иеленді. Жүзден жүйрік шыққан құрама арнайы кубок, дипломмен марапатталып, 250 000 теңге ақшалай сыйақы табысталды. 2-орынды 26 шағынауданнан құралған команда қанжығаға байлап, 150 000 теңге ақшалай сыйақыға ие болды. Ал 28 шағынаудан командасы 3-орын және 100 000 теңге ақшалай сыйақымен марапатталды.

⁃ Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Ұлттық спорт ойындарынан күш сынасып, кіл мықтылардың ішінен үздік атанып шықтық. Әрине, жарыс оңайға соқпады. Команданың бірлігі мен біліктілігінің нәтижесінде топ жардық. Ұйымдастырушыларға алғысымызды айтамыз және алдағы уақытта ұлттық спортымызды жаңғыртатын жобалар көп болсын, – деді жеңімпаз 29 шағынауданның командасының қатысушысы Қанат Джакесов.

Айта кетейік, жарыстың мақсаты – негізгі мақсат – жастар арасында ұлттық спорт ойындарын насихаттау, ұлттық ойындарды жаңғыртып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.

Exit mobile version