Ақтауда Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысы негізінде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен іске асқан «Ұлттық құндылық – ұлттың қазынасы жобасы өз мәресіне жетті. Жобаны «7 zhurt» қоғамдық бірлестігі өткізді.
Жоба аясында өңір жастарының белсенділігін арттыру, ұлттық ойындар мен құндылықтарды насихаттау мақсатында іс-шаралар өтті. Атап айтқанда, тоғызқұмалақтан, асық атудан, садақ атудан, ашық чемпионат ұйымдастырылды. Ұлттық дәстүр мен мәдениетті жандандыру мақсатында ауыл-аймақта мәдени кеш өтті. Оған ауыл, облыстың өнерлері жастары атсалысып, домбыраны күмбірлетіп, терме, жырдан шашу шашты.
Сонымен қатар қариялардың есті әңгімесін тыңдап, тағылым алу үшін ардагерлер кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділовпен кездесу өткізілді. Жастар қызықтырған сауалдарын жолдады, тәлім-тәрбиеге толы сыр сұхбатын тыңдады.
Жалпы жобаның қорытынды отырысы ZOOM арқылы өтті. Оған 25 адам қатысып, жобаның маңызы мен мазмұны жоғары екенін және алдағы уақытта жалғасын табуына ұсыныс білдірді.