Түпқарағанда Айт-Манның 60 жасына орай кездесу кеші өтті

Бүгін Қызылөзен ауылының мәдениет үйі ғимаратында Түпқараған ауданының құрылғанына 30 жыл толуы аясында «Отан», «Құрмет» ордендерінің, «Дарын» сыйлығының иегері Түпқараған ауданының Құрметті азаматы, ақын, шежіреші, ауданның төл перзенті Светқали Нұржанның 60 жас мерейтойына орай «Мың заман ұя салған – бағзы мекен» атауымен аудан тұрғындарымен кездесуі өтті.

Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиев аудан әкімі Рахат Елтизаровтың құттықтауын жеткізді.
– Сізді жұртшылық қазақ әдебиетінің адуынды ақыны, еліміздің рухани байлығын толықтырған қарымды қаламгер, өмірлік тәжірибеңіз бен азаматтық ұстанымыңызды айқын көрсеткен қоғам қайраткері ретінде таниды. Сіз бүкіл саналы ғұмырыңызды тәуелсіз еліміздің өркендеуі мен дамуына арнап, абырой биігінен көрініп, ел мен жердің тағдырына үлкен жауапкершілікпен қарадыңыз. Сондықтан да, өмір жолыңыз бүгінгі жастарымыз үшін үлгі-өнегеге толы. Аудан тұрғындары тағылымы мол кездесуде елдік, отаншылдық, батырлық, жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі салиқалы сөздеріңіздің тереңдікке бойлап, жан сүйгіштерімен ерекше тебіреніп, ертеңге жетелейтін ой түйетіні сөзсіз. Сол үшін өз атымнан және аудан жұртшылығы атынан шын жүректен алғыс білдіремін! Сізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, шығармашылық табыстар мен әулетіңізге баянды бақыт тілеймін, – делінген аудан әкімінің құттықтауында.

Кездесу барысында ақын өмірі мен шығармашылығы жайында сөз болып, өлеңдеріне жазылған әндер шырқалды. Сонымен қоса, ардагер ұстаз Ордалы Қосай сөз алып, ақынның қайраткерлігі мен шығармашылық суреткерлігі туралы айтып өтті.

Қос мерейтойға арналған кешке ардагерлер, тұрғындар мен жастар және облыстың өзге де елді мекендерінен арнайы келген қонақтар қатысты.

Exit mobile version