Бүгін Ақтау әуежайында маңғыстаулық спортшы Сұңғат Жұбатқанды жанкүйерлері күтіп алды. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған спортшыны күтіп алуға Маңғыстау облысының спорт және дене шынықтыру басқармасы басшысының орынбасары Айбек Имашев, Жас батыр спорт мектебінің спортшылары және БАҚ өкілдері келді. Жеңісімен құттықтап, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі.
«Жарыс өте жоғары дәрежеде өтті. Әлемнің 116 мемлекетінен келген спортшылар келді. Бес кездесу өткіздім, оңайға соқпады. Барлығы да өз елінде жоғары нәтиже көрсетіп жүрген палуандар. Негізі «алтын жүлде аламын» деген үмітпен барған едім. Бірақ белгілі бір қателіктерге байланысты жартылай финалда есе жіберіп, сонымен үшінші орынды қанағат тұттық. Жарысқа баруыма қолдау көрсеткен азаматтарға, бапкерлеріме, «Жас батыр» ұжымына көп рақмет айтамын!» – дейді Сұңғат Жұбатқан.
Еске салайық, Сұңғат Жұбатқан Қытайда өткен Дүниежүзілік универсиадада Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы қола медальдi салған. Ол 66 келі салмақта қола жүлде үшін белдесуде өзбекстандық дзюдошы Абдурахим Нутфуллоевты тiзе бүктірді.
«Келесі айда Баку қаласында өтетін Grand Slam жарысына қатысамын. Сол жарыста жеңіс тұғырынан көрінсем, олимпиадаға баруға жүз пайыз мүмкіндік бар. Тек оқу-жаттығу жұмыстарын тоқтатпауым қажет», – дейді Сұңғат Жұбатқан.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ