«OYU LIVE» түбекті тербетті

Қазақстандық медиа кеңістікке енген «OYU LIVE» бұл жолы тыңдармандарын ерекше қуантты. Олар алғаш рет маңғаз Маңғыстаудың көрікті жерлерінде түсірілім жасады. Шығарылым әлеуметтік желіге шыққан бойда көптің ықыласы мен алыс-жақын шетелдегі жастардың елге сағынышын арттырды.

Түсірілімге белгілі өнер жұлдызы Луина, жергілікті музыкант Big Som және заманауи музыканы жаңғыртып жүрген жаңа толқын Kilemger, Rauana қатысты. Атап айтқанда, Kilemger Маңғыстаудың аққа оранған даласында аспапқа әрленген әуезді «Zhan aktau» әнін орындады. Ал Луина мен Big Som қызыл орамалды желге билетіп, «Один» әнін жаңғыртса, Rauana жұлдызды аспан астында «Оrap al» әнін тындармандарға ұсынды.

Табиғат аясындағы туындыны шығаруға «Kazakh Tourism» ҰК АҚ атсалысқан. Аталған компанияның атқарушы директоры Даниел Сержанұлы бұл локацияларды жай таңдамағанын айтады.

«Маңғыстау – елдегі ең қызықты фильм локацияның бірі. Мұндай таңғажайып көріністерді көп жерден кездестіре бермейміз. Сондықтан фильм-туризмді дамыту үшін «OYU LIVE»-тың түсірілім ұйымдастыруына қолдау көрсеттік. Сол арқылы елде әлі танылмаған, аңыз болған жерлерді шетелдіктерге танытамыз», – дейді компанияның атқарушы директоры Даниел Сержанұлы.

Ал алматылық әнші Rauana Маңғыстаудың табиғаты ғажайып сезімге бөлегенін тілге тиек етті.

«Нағашыларым ақтаулық болғандықтан мұнда жиі келіп тұрамын. Бірақ қаладан тыс шығып, мұндай сұлулықты, кереметті көрмедім. Бірінші рет келіп тұрмын, табиғатына сөз жетпейді, ұнады, Түсірілім де сәтті өтті. Өзіме қымбат әнімді Маңғыстаудың осындай сұлу жерінде орындауға өте қуанышты болдым. Әсер мүлдем басқа, ғажайып сезімдерге бөлендім», – деді Рауана Серікбол.

Рауана – Алматы қаласында тумасы, жастайынан музыкамен айналысқан. Алайда нақты өнер жолын таңдап, өзі ән жазуды 5 жыл бұрын бастаған.

Оның айтуынша, қазіргі уақытқа дейін «Shai», «Dosyma hat», «PIL», «Bizdin qala», «Orap al» әндерін жарыққа шығарған. Музыканы таңдауға шығармашылыққа жақын ата-анасы себепші болған.

«Алдағы мақсатым – тыңдармандарымның ішкі жан дүниесіне жақын, онымен бірге болатын әндер шығару. Өз аудиториямды тауып, шығармашылығымды сыйлау», – дейді жас музыкант Рауана.

Айта кетейік, «OYU LIVE» – жанды дауыспен орындалатын және әр түрлі жанрға жататын әртістер жинағы. Сонымен қатар ескі әндерді қайта трендке шығарып, қалың тыңдарманға ұсынып жүрген шығармашыл топ.

Exit mobile version