Науқас қажетті көмекті ала алмауына кінәлі емес – Абай Қазиев

Маңғыстау облысының медицина саласында еңбек етіп, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп жүрген дәрігерлер жетерлік. Соның бірі – Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының ең жас кардиолог-дәрігері Абай Қазиев. Бүгін жас кардиологпен сұхбаттасып, сайт оқырмандарына таныстыруды жөн көрдік.

– Абай, медицина саласын таңдауға не түрткі болды?

– Бәрі «Ұлым, дәрігер болғың келмей ме?» деген әке ұсынысынан басталды. Себебі әкем дәрігердің қаншалықты маңызды әрі таза мамандық иесі екенін түсіндірген еді. Осылайша, әкенің бағдарымен, өз қалауыммен меддицинаға қадам бастым. Жоғары оқу орнын Ақтөбе қаласында оқыдым. Жалпы 6-курста кардиологияға қызыға бастадым. Соның ішінде ангиография саласы, яғни жүректің тамырларын тексеріп, оны әрі қарай емдеу жолдарын зерттеу мен үшін қызық болды. Сол бағытта білімімді толықтырып, тәжірибе жинақтадым. Қазір облыстық ауруханада қызмет етіп жүргеніме бір жылдан асты.

– Студенттік шақты еске түсірейікші, есте қалған қандай оқиғалар бар?

– Студенттік кезде өлі адамды іздеп, таба алмай қалғанбыз. Анатомиялық үйірмеге қатысқанда адамдардың жансыз денесін әкелетін. Ал біз оларды практикалық жұмысқа дайындайтынбыз. 1-2 ай ваннаға жатқызып, спиртпен жуамыз. Бір күні таза мәйіт келді, бір емес бірнешеу. Соның ішінде бір адамның сақал-мұрты болған еді. Түнде оны жуып, «ванна босаған соң спиртке саламыз» деп дәлізге қойып кеткенбіз. Таңертең келсек, мәйіт жоқ. Ваннаға барып, әбден іздедік. Таба алмадық. Куратор келсе, не айтарымызды да білмейміз. Кейін қасымдағы төртінші жігіттен мәйіттің қайда екенін сұрасақ, ваннада жатқанын айтады. Сөйтсек, жанағы мәйіттің сақал-мұртын және шашын алып, өзі тазалап қойыпты. Қанша рет әлгі мәйіттің жанынан өттік, бірақ танымағанбыз ғой (күлді). Қорқынышты әрі қызықты оқиға ретінде осы есімде қалыпты. Жалпы мәйіттің жоғалғаны жақсы зат емес.

– Сіз үшін жетістік деген не және сол жетістікке жеттіңіз бе?

– Резидентурада оқып, тәжірибе жинақтап, ассистент ретінде операцияға қатысатынмын. Уақыт өте келе операция жасауды маған жүктеді. Мұны студенттік жылдардағы жетістігім десем болады. Содан кейінгі жетістігім – облыстық ауруханада кардиолог ретінде түнгі кезекшілікке қалғаным. Сенесіз бе, мен бұл түнгі кезекшілікті көп күттім. Себебі бұған дейін бөлім меңгерушісі мені жас көріп, үлкен жауапкершілікті тапсырмайтын. Десе де жұмысқа орналасқаныма үш ай болғанда, яғни желтоқсан айында бірінші кезекшілігімді алдым. Жалпы мен үшін жетістік – сенім. Ал кез келген жан сенімге ие бола бермейді.

– Алғашқы кезекшілік несімен есте қалды?

– Үлкен жауапкершілікті сезінген түн болды. Себебі сол түні ауруханаға инфаркт-миокарда диагнозымен ауыр халде науқас келіп түсті. Стенд қойып, науқасты құтқарып қалдым. Кейін осы процессті бөлім меңгерушісіне желі арқылы жолдағанда, ештеңе демеді. Тек «жарайсың» деген смайлик жіберді. Соның өзіне төбем көкке жетіп, қатты қуанғаным есімді.

– Демек, жас дәрігерді өзінен жоғары маманнан баға алу жігерлендіре ме?

– Әрине, жасаған жұмысты тәжірибелі дәрігердің бағалауы – ең керемет сезім. Себебі өз тәжірибесі арқылы бізге білім беріп жүрген аға-әріптестердің сенімін ақтау және еңсесін түсірмеу мен үшін маңызды. Ал науқастардың алғысы мен ризашылығы өз алдына бақыт.

– Абай, өзіңіз білесіз, қазір жүрек аурулары жасарып жатыр. Сіздің ойыңызша, бұған не себеп?

– Салыстырмалы түрде адамдардың жұмысы жеңілдеді. Қозғалыс аз, барлық тағам қолжетімді. Адамдар өз-өзіне көп мән бермей жатыр. Қазір емхананың барлығы тегін қызмет етіп, скринингтен өткізеді. Соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар мен кардиолог мамандар бар. Десе де көбі бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланбайды. Соның салдарынан көп науқас ауру асқынғанда келеді. Кейде жиі қан қысымның жоғарылауы, семіздік сияқты белгілерді көргенде диагноз қойып, ерте емдеуге тырысамыз. Себебі бұл бір-екі жылдықта жүрек ауруларына жол ашады.

– Жастар газды, энергетикалық сусындарды жиі пайдаланады. Бұл жүрекке қаншалықты зиян?

– Жалпы энергетикалық, газды сусынның барлығы жүрекке кері әсерін береді. Онда көп кофеин, қант және тағы басқа қоспалар бар, бұл өз кезегінде жүрекке ауыртпалық салады. Тек жүрекке ғана емес, жалпы организмге зиянын тигізеді. Егер жастар осы өнімдерді жиі ішсе, онда ол – алдағы уақытта бізге келетін пациенттің бірі. Сондықтан мұндай сусындардан бас тартып, тек жай су ішуге шақырамын.

– Жастарға қандай кеңес айтасыз?

– Жүрек ағзада – жалғыз. Оны емдеу өте қиын. Ал жүрек ауруларының алдын алу оңай. Бәрі сіздің қолыңызда.

– Алда қандай мақсат, жоспар бар?

– Бүгін Батыс аймағында алғаш рет қолқа қақпағын феморальды артериялар арқылы кесусіз имплантациялау операциясы өтті. Аталған отаға ассистент ретінде қатыстым. Алдағы уақыттағы мақсатым осы секілді күрделі операцияларды өз өңірімізде сәтті жасау. Одан бөлек Астана, Мәскеу және басқа елдерде жүрекке жасалып жатқан күрделі ота түрін меңгеріп, пациенттерге бүгінгіден де жақсы жағдай ұсыну. Науқас өз өңірінде қажетті медициналық көмекті ала алмауына – кінәлі емес. Сондықтан біздің мақсат – науқас қай жерде болса да қажетті көмек ұсыну.

– Ал дәл қазіргі уақытта облыстағы медицинаның, соның ішінде кардиологиялық көмек көрсетудің деңгейі қалай?

– Облыста кардиологиялық бағытта медициналық көмек көрсету деңгейі жоғары. Қазір емхананың барлығы жүректің ишемиялық ауруларын анықтауда скрининг өткізеді. Сонымен қатар тұрғындар облыстағы 5 жерде ангиографиялық аппараттар арқылы емделе алады. Атап айтсақ, құны 900 млн теңге тұратын заманауи құрылғы біздің Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханада, Жаңаөзен қалалық ауруханада, Архимед, Ибн Сина және SofieMed-те бар. Яғни, Маңғыстауда сапалы құрылғылар арқылы қымбат операциялар жасалады. Соған сай интервенциялық кардиологтар біліктілік арттырып, тәжірибе жинақтап отырады. Тек облыстық ауруханада ғана емес, жеке ауруханаларда да кардиологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

– Абай, Маңғыстау медицинасын дамыта беруіңізге сәттілік тілейміз. Рақмет!

Сұхбаттасқан

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Exit mobile version