Бүгін Астана қаласында «Волонтер болу оңай» қысқы мейірімділік апталығы аясында өткен салтанатты жиында жаңаөзендік жас Юсуф Қисбаев «Жыл волонтері – 2023» халықаралық сыйлығына ие болды. Ол «Білімді дәріптеуге қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша сынға түскен.
Байқау 2 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушыларға дауыс берілсе, екінші кезеңде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен арнайы құрылған комиссия құрамы әр волонтердің жұмысын жеке қараған. Яғни, волонтердің әлеуметтік, қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуге қосқан үлесін, ұсынылған бағыты бойынша жұмыс тәжірибесі мен қызметтегі инновацияларын бағалаған.
Маңғыстаулық жас Юсуф Қисбаевтың волонтерлік жолы 2016 жылы «Қазақстанның ұлттық волонтерлік желісінен» басталған. Онда Қазақстанға қатысты мақалаларды кеңейту және жақсартуға мүдделі википедияның өңдеуші-волонтері болған. Айтуынша, осы уақытқа дейін 3 000-ға жуық қазақ және орыс тілдерінде мақала жасақтаған.
Ерікті қызметін одан әрі жандандырып, соңынан жастарды еріту үшін 2021 жылы «Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжі» жанынан «Шапағат» еріктілер клубын құрды. Қазіргі таңда құрамында 40 студент бар. Олар білім, экология саласы мен қайырымдылық акциясын жиі өткізуді әдетке айналдырған.
– «Шапағат» еріктілер клубының мүшелері және колледждің әлеуметтік бөлімі былтыр «Birgemiz: Qamqor» жалпыұлттық қайырымдылық акциясына қатысып, Жаңаөзен қаласындағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Сонымен қатар «Табиғатта қоқыс жоқ» атты жалпыұлттық эко-акциясы аясында Маңғыстау өңірінің тарихи-мәдени нысандарына сенбілік жасады. Бұдан бөлек тұрақты түрде Жаңаөзен қаласындағы жастарға, студенттерге тегін білім беру мақсатында түрлі менторлық сабақтарды, шеберлік курстарды ұйымдастырамын. Осы уақытқа дейін 150 адам осы оқытуға қатысты», – дейді волонтер Юсуф Қисбаев.
Юсуф бүгінде Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжі басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етеді. Білім жолында жүрсе де волонтерлікпен айналысып, жастарды жақсылық пен ізгілікке бастаудан жалықпайды. Жақында ғана ол ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен ұйымдастырылған «Ules» жобасына қатысты. Соның аясында «ӨзгерIS» республикалық менторлық бағдарламасына жолдама алып, менторлық оқыту бағдарламасының қатысушы-менторы атанған болатын.
«Өңірдегі волонтерлік бастамаларды әрқашан қолдап, ұсыныстарымды білдіріп отыруға тырысамын. Облыстық жастар ресурстық орталығының мамандары мен волонтерларымен үнемі байланыстамын. Осы халықаралық байқауға өтінім жіберуімді де орталық мамандары ұсынған. Бүгін көптің қолдауымен ерікті түрде жасаған еңбегімнің нәтижесін көріп, қуанып отырмын. Әрі қарай да өңірдегі волонтерлік қызметтің жандануына үлесімді қосамын», – деді Юсуф Қисбаев.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА