Маңғыстаулық құсбегі әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

3-7 қараша күні Абай облысының Үржар ауданында құсбегіліктен өткен тұңғыш әлем чемпионатында маңғыстаулық Айшуақ Тайманов қола жүлде жеңіп алды.

Ұлттық құрама мүшелері Қазақстанның намысын абыроймен қорғады. Құрамада өнер көрсеткен маңғыстаулық Айшуақ Тайманов «Қаршыға» бойынша қола жүлдеге ие болды. Қаршыға бойынша 1, 2 орынды қазақстандық құсбегілер Бексұлтан Сейітжан мен Ерасыл Серікбек алса, 3-орынды маңғыстаулық Айшуақ пен қырғызстандық Салават Айбекулу иеленді.

Ұлттық спорт түрі «Құсбегіліктен» өткен тұңғыш әлем чемпионаты саятшылық өнерінің халықаралық деңгейде дамуына жол ашты.

-1-ші әлем чемпионатында 3-орын алдық. Маңғыстау жүлде құтты болсын! Үлкен жетістік, жеңіс ортақ!, деп бөлісті Айшуақ Тайманов.

Оның айтуынша бүркіт бойынша өткен додада ақтық сында сүрінген. Ал әлем чемпионы атағын бүркіт бойынша Жамбыл облысы Меркі ауданының құсбегісі Серікболсын Жалғасұлы жеңіп алды.

Айшуақ Тайманов ұлттық спорт үздіктерінің арасында «Алтын тұғыр 2021» марапатының иегері атанған болатын. Аталған чемпионатқа әлемнің жеті елінен 100-ден аса спортшы келді. Қазақстан, Моңғолия, Қырғызстан, Түркия, Ресей, Украина, Қытай елдерінен 61 бүркіт, 20 қаршыға, 15 ителгі қатысты. Әлем біріншілігінде спортшылар «Бүркіт», «Қаршыға», «Ителгі» бойынша сынға түсті. Айта кетейік, әлем біріншілігін ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, ҚР ұлттық спорт қауымдастығы, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы, Абай облысының әкімдігі ұйымдастырды.

Exit mobile version