Маңғыстауда ата-аналар отбасылық психолог Ержан Мырзабаевпен кездесіп, толғандырып жүрген сауалына жауап алды. Еркін форматта өткен кездесуде ата-ана мен баланың сау қарым-қатынасы, саналы отбасының алғышарты, ата-ананың психологиялық көңіл-күйі балаға қалай әсер ететіні туралы әңгіме қозғалды.
Психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, қазіргі таңда көп ата-ана баласына материалдық тұрғыдан қолдау береді да, рухани жағынан дамуына жеткілікті көңіл аудармайды. Бұл баланың да, ата-ананың да тоқырауына әсер етеді. Сондықтан ата-ана баламен бір толқында болып, үнемі ашық түрде диалог орнатуы тиіс. Мұндай қадам жасау баланың болашағы үшін өте маңызды.
Сонымен қатар бала тәрбиесіндегі қаталдық пен тыйым оны тежеп тастайтынын атап өтті. Яғни, ата-ана балаға тыйым салып, өз дегенін жасататын болса, нақтыласақ «эгоист ата-ана» атанса, соңы жақсы болмайтынын ескертті. Мұндайда сауатты, саналы келісім орнату керек екенін алға тартты.
Ата-ананың рухани кемелденуі, отбасында тыныштықтың орната білуі – ең үлкен жауапкершілік. Жас отбасы балалы болуды жоспарлаған кезде осы жайтқа көп мән беруі қажет. Себебі баланың сапалы өмірі мен қауіпсіздігі – ең алдымен ата-ананың мойнындағы жауапкершілік екенін ескертті.
Шараға келген бір топ ата-ана кездесудің пайдалы болғанын айтты және алдағы уақытты есті әңгімеге толы кездесулер жиі ұйымдастырылуына ұсыныс білдірді.