Маңғыстаулық жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттар байқауына өтінім қабылдау басталады. Байқау аясында «Мәдениет», «Ғылым», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Медиа» және «Волонтерлік» бағыттары бойынша 30 жеңімпаз анықталып, әрқайсысына 1 000 000 теңгеге дейін грант табысталады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, өтінім қабылдау 23 маусым мен 3 шілде аралығында жүргізіледі.
– Байқауға жасы 14 пен 34 аралығындағы ҚР азаматы қатыса алады. Сондай-ақ, олар Маңғыстау облысында тұрақты тіркеуде болуы қажет. Грантты алу, пайдалану және есеп беру үдерісі арнайы тәртіппен жүзеге асырылады. Биыл байқауға «Волонтерлік» бағыты жаңадан қосылды, – деді Мұқаш Оралбай.
Грант иегері жобаны жүзеге асыру барысында БАҚ пен әлеуметтік желілерде ақпарат таратуға келісім береді. Жоба грант иелері анықталған күннен бастап 31 желтоқсанға дейін іске асырылуы қажет.
Байқауға қатысты ақпараттар мен жаңалықтар @tauelsizdikurpaktary12 инстаграмм парақшасында жарияланады.
Айта кетейік, байқауға қатысуға қатысты барлық сұрақтар бойынша +7 778095 6735 (WhatsApp) телефон нөмірі бойынша колл-орталыққа хабарласуға немесе Tu.mangystau_bot телеграм бот-чатына жазуға болады.