Ақтау қаласында 26-28 қыркүйек күндері көшбасшы жастар «Caspian camp» батыс аймақтық жастар лагерінде бас қосты. Лагерді Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды, – деп хабарлайды mangystauzhastary.kz сайты.
Батыс аймақ көлемінде мемлекеттік жастар саясатын іске асыру, үздік тәжірибелермен алмасу, жастардың әлеуметтік және тұлғалық дамуына жәрдемдесу, көшбасшы жастардың басын біріктіру мақсатында ұйымдастырылған жастар лагеріне Орал, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарынан келген 70 жас қатысты.
Лагердің алғашқы күнінде шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ашық әңгіме алаңында жастармен кездесті. Жастар өңір басшысымен еркін тақырыпта сұқбаттасып, көкейтесті сауалдарын қойды.
Нұрлан Асқарұлы жастардың елдегі қоғамдық өмірге белсенді қатысуы, тың идеяларды ұсынуы және оларды орындауда көшбасшы болуы тиіс екенін атап өтті.
Үш күнге созылған жастар лагерінде елге танымал педагог Ескендір Бестай мен педагог-тренер Саят Ибраимов «Бизнес модель», «Мақсат және миссия» тақырыптарында семинар — тренинг өткізді.
Семинар аясында жастармен практикалық жұмыстар жүргізіп, сұрақтарға жауап берді.
Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлмира Баянқызының айтуынша, жастар лагері әрбір қатысушының өзін дамытуына, қоғаммен байланыс орнатып, жаңа дағды үйренуіне, тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.
Осы орайда лагерь бағдарламасына сәйкес тренингтік оқытулар, тимбилдинг, спорттық және зияткерлік ойындар, стандап, мерекелік кеш ұйымдастырылды. Әрбір қатысушы тың ақпарат, үздік тәжірибе, жаңа таныстық, мүмкіндіктер мен жарқын естеліктерге ие болды.
— Жастар лагері біз үшін жаңа деңгейде өтті. Алдағы уақытта «Caspian camp» батыс аймақтық жастар лагері жалғасын табады деген ойдамын – деді Г. Баянқызы.
— Ең біріншіден, бұл шара жастардың жаңа орта табуына, тәжірибе алмасуына үлкен септігін тигізді деген ойдамын. Үш күндік лагерь жаңа таныстық пен ерекше естеліктерге толы болды. Лагерь бағдарламасы да көңілімнен шықты, — дейді қатысушы Мира Исатай.
«Tree of Life» демалыс базасында маңғыстау жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концерт және қатысушыларды марапаттау гала-кеште жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мұқаш Оралбай ізгі тілегін арнап, қатысушыларға сертификаттар табыстады.
