Маңғыстау жастары заңгер Абзал Құспанмен кездесті

Танымал заңгер, адвокат, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан маңғыстаулық жастармен кездесті.

Ақтау, Шетпе, Бейнеу елді мекендерінде жастармен өткен кездесуге жиылған халықтың қарасы қалың болды.

Кездесуде Абзал Құспан егеменді елдің болашағы – жастардың сауатын ашу, құқықтық түсініктерін молайту мен ұлттық, мемлекеттік тәрбиені күшейту сынды тақырыптарда сөз қозғап, жастардың сұрақтарына жауап берді.

– Қазақ қоғамындағы дәстүрлі құқықтық нормалар ерте заманда-ақ қалыптасқаны белгілі. Салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыз секілді әлеуметтік нормаларымызға үңілсек, өмір сүру қағидасы еркіндікке негізделген қазақ жанының әділеттілік пен ар-намысты қорғау, сөзге қонақ беру ұстанымына беріктігін байқауға болады. Ал бүгінгі қазақ қоғамы қандай ұстаныммен өмір сүріп жатыр деп ойлайсыз? Бұл мәселеде бүгінгі қазақ қоғамында нақты бір ұстаным бар деп айта алмаймын. Біз бұрынғыны қойып, кешегі кеңес заманындағы ауыл тәрбиесінен ажырап бара жатырмыз. Бұрынғы ата-бабаларымыз ұстанған Ясы заңы, Қасым заңы, Есім заңы, Жеті Жарғы сияқты дәстүрге негізделген заңдарға қызығушылық танытып, бүгінгі заңдарды тәжірибеде қолданып жүрген заңгер ретінде айтарым – бұрынғы нәтижеге қазір қол жеткізе алмай отырғанымыз анық. Бұрынғы қазақ қоғамында ел ішінде қылмыс аз болды, түрме, басқа да жазалау орындары мүлдем дерлік болмады. Қазір күннен-күнге жаза өтейтін орындар көбейгенімен, қылмыскерлер саны азаяр емес. Бұрынғыдан қалған сөз «қазақ жолы – қанағат, қасаң дау емі – шариғат, ол да жолдан адаспас». Яғни бабаларымыз қазақи бауырмалдық пен кешірімшілдік, кеңдік ұстанымына бағынбай бара жатқан дауларды шариғат жолымен әділ шешіп отырған. Ал бүгін заңның түр-түрі жазылып, азаматтардың құқығын қорғайтын түрлі нормалар бекітіліп жатса да, өз мүддесін қорғай алмай құқығы бұзылып, намысы тапталып жатқандар баршылық. Әділетті қоғам орнату үшін қазаққа не керек деп ойлайсыз? Не керектің бәрі өзімізде бар, кейбір заманауи ілімді іздеу үшін, әрине, Еуропа, Америка асып білім алғанымыз, олардың тәжірибесін қолданғанымыз дұрыс. Ал дін, діл, тәрбие, мәдениет, тәртіп, құқық мәселелерінде өзін-өзі ғасырлар бойына ақтаған өткенімізге де үңіліп, керегін жаратып отырсақ та болар еді. Әділетті қоғам орнату үшін топырлатып түрмеге отырғыза беру жеткіліксіз, аталарымыз ел ішіндегі тәртіпті жазамен емес, тәрбиемен ұстаған. Сондықтан бірінші кезекте тәрбие мәселесін қолға алу керек. Ел бірлігі мен ұлт тазалығын басты назарға алған бабаларымыз халық ұстанымына қайшы келетін, тыныштығына нұқсан келтіретін қауіпті жағдайларда «жылқының құйрығы», «түйенің қомы», «жебенің ұшы» секілді қатаң жазаларды пайдаланатын. Еркіндік пен кеңдікті сүйетін көшпенділер өкілі үшін ең ауыр жаза – қарабет аталып, елден аластатылу болатын. Ерде намыс, қызда ұят азайған бүгінгі қоғамда түрлі азғындықтардың жиі орын алуы осындай ұстанымдардан алыстап кеткендігімізден шығар, бәлкім…»,- деді Абзал Құспан.

Аталған іс-шара Маңғыстау облысы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» ұйымдастыруымен «Қолдау» орталығы» жеке меншік мекемесінің «Жастар керуені» жобасы аясында жүзеге асты.

Exit mobile version