«Маңғыстау жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау басталды

Облыс бойынша «Маңғыстау жастары» тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несие беру бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. Қараша айының 16-ы мен 30 күні аралығында www.mangystauzhastary.kz сайтында тараптардың өтінімдерін қабылдау жалғасады.

Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай бағдарлама мақсаты – қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету арқылы аймақтың еңбек нарығында сұранысқа ие жас мамандарды ынталандыру және қолдауға бағытталғанын атады.

Бағдарламаға сәйкес қатысушыларына берілетін несие Ақтау қаласы бойынша 15 млн теңге болса, Жаңаөзен қаласы мен аудандар үшін 10 млн теңгеге дейін жетеді. Жылдық пайызы – 5%, несие мерзімі – 20 жыл, алғашқы жарна 10%-ды құрап отыр.

«Бағдарлама қатысушыларына қойылатын талаптар бар. Ең алдымен, қатысушы және оның отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Сондай-ақ, ел аумағында соңғы 5 жыл ішінде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйі немесе меншік құқығындағы тұрғын үйі болмауы керек. Сонымен қатар, өтініш беру кезінде қатысушының жұбайын қоса алғанда жасы 18 жастан 35 жасқа дейін болуы тиіс. Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Қатысушының Маңғыстау облысында соңғы 2 жыл ішінде тұрақты тіркеуінің болуы, сонымен бірге өтініш беру кезінде, онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Маңғыстау облысында тұрақты тіркеуі болуы тиіс. Сондай-ақ, отбасының 1 мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы табысы міндетті аударымдарды шегергенде 150 098 теңгеден аспауы және қатысушының ресми жұмыс өтілі Маңғыстау облысында кемінде толық 1 жыл болуы міндетті. Өтінім беруші аталған бағдарлама аясында сатып алатын тұрғын үйді тіркелген мекенжайы бойынша ғана ала алады», – деді Мұқаш Оралбай.

Сондай-ақ, басқарма басшысы жаңа бағдарлама бойынша қандай салалардың жас мамандары қамтылатынын мәлімдеді.

«Денсаулық сақтау, білім және ғылым, мәдениет, ауылшаруашылық, спорт және дене шынықтыру, ақпарат, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар саласының жас мамандары, аймақтағы коммуналдық кәсіпорындарының мекемелері мен әлеуметтік сала мамандары бағдарламаға қатыса алады. Сондай-ақ, жоғарыда аталған салада жұмыс жасаған бала күтіміне байланысты еңбек демалысындағы әйелдер де өз бақтарын сынауға мүмкіндіктері бар. Бұл санат бойынша қатысушы тең қарыз алушы ретінде үшінші тұлғаны тарта алады», – деді Мұқаш Оралбай.

Маңғыстаулық жастар жаңа бағдарламаның ережесі жөнінде толық ақпаратпен www.mangystauzhastary.kz сайтынан тарысуға болады. Сонымен бірге, басқа да сұрақтар бойынша 8 (7292) 335520 нөміріне хабарласуға немесе «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «@mangystau_jastar_sayasati» парақшасынан көруге болады.

Exit mobile version