Маңғыстау облысынан 11 оқушы «IQanat» мектебіне жолдама алды

18-22 маусым аралығында 8-сынып оқушылары арасында «IQanat-2023» республикалық олимпиадасы өтті. Олимпиадаға 166 ауданнан келген 37 мың бала қатысты. Ал елордада өткен финалға 800-ден астам бала барған. Соның ішінде 39 оқушы Маңғыстау облысынан барып, бақ сынады. Нәтижесінде Маңғыстау облысынан 11 дарынды бала IQanat High School of Burabay мектебіне жолдама алды.

Тегін шақыру алған оқушылар қатарында Қызылтөбе лицейі оқушылары Нұрдәулет Сұлтанмұратов, Нұртас Айладир, Әйгерім Амангелді, Назарбек Маликов, №12 жалпы білім беретін мектеп оқушысы Элиза Рахманова, Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 жалпы білім беретін мектеп оқушысы Динара Алпысбай, №10 жалпы білім беретін мектеп оқушысы Аяулым Тугелбай, Түпқараған ауданы «Сайын Шапағатов мектеп- гимназиясы» оқушысы Арыс Ақиқат, Бейнеу гимназиясы оқушысы Нұрсұлу Қадирова, Қарақия ауданы №7 жалпы білім беретін мектеп оқушысы Наз Сарыбай, Маңғыстау ауданы «№7 мектеп-лицей» оқушысы Аружан Шанытбаева бар.

Сонымен қатар пәндер бойынша да жүлделі орындарға ие болған маңғыстаулық финалистер бар. Атап айтқанда, Нұрдәудет Сұлтанмұратов физика пәнінен І орын алған. Әсем Тоқтарбай тарих пәні бойынша ІІ орынға ие болған. Ал Динара Алпысбай физика пәнінен ІІ орынды қанжығаға байлаған.

«IQanat – ауыл оқушылары үшін мүмкіндіктер әлемі. Себебі барлық финалистерге өз мүмкіндіктерін, қабілеттерін және таланттарын ашуға үлкен мүмкіндік берді. Республикалық слетте оқушыларға көп естелік қалдыру үшін тренингтер мен түрлі іс-шаралар болды. Яғни, фестивальдер, концерттер, экскурсиялар мен түрлі байқаулар ұйымдастырылып, оқушылардың дарындылығын аша түсті. IQanat финалистерге де, IQHSB мектебінен өтпегендерге де көмектеседі. Соның арқасында көптеген оқушы қабілеттерін одан сайын аша түсті. ІQanat— әрқашан бізбен, ауыл оқушыларымен бірге», – дейді М.Горький атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Арайлым Сейтқалиқызы.

Ауыл оқушылары арасындағы ең ауқымды офлайн олимпиаданы «IQanat» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Негізгі мақсат – ауыл балаларына сапалы білім беру Соңғы 5 жылда 160 мыңнан астам ауыл мектебінің оқушылары сапалы білім алуға мүмкіндік алды. Биыл республика бойынша 120 жеңімпаз «Iqanat» мектебіне тегін оқуға шақыру алды. Ал қалған қатысушылар олимпиададан кейінгі білім беру бағдарламаларымен қамтылмақ.

Айта кетейік, IQanat олимпиадасы және Қордың басқа да бағдарламалары мыңдаған ауыл балаларына ең жоғары технологиямен қамтамасыз етілген IQanat High School of Burabay мектебіне түсуге мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде сапалы білім алуға, мықты мұғалімдермен қарым-қатынас жасау арқылы баға жетпес тәжірибе алуға, танысу шеңберін кеңейтуге, жалпы өмір сүру деңгейін көтеруге және соның нәтижесінде ауыл балаларына үздік жоғары оқу орындарына түсуіне мүмкіндік береді. Бүгінде ауыл мектептерінің оқушылары Nazarbayev University, University of Purdue, Polytechnic University of Hong Kong, University of Chicago және т.б. университеттерге түсуде.

 

Exit mobile version