Астана қаласында өткен республикалық «Ulttyq liga» жайдарман ойынының финалында Маңғыстау облысының «Татьяна» командасы жоғары нәтиже көрсетіп, II орынға қол жеткізді.
Бұл маусымның финалында ел бойынша іріктеуден өткен 5 команда бақ сынады. Қатысушылар сәлемдесу, сұрақ-жауап және көрініс кезеңдерінде шеберліктерін ортаға салып, көрермендер мен қазылар алқасының көңілінен шығу үшін тартысты ойын көрсетті.
Маңғыстаулық команда барлық кезеңдерде тұрақты әрі жоғары деңгейдегі өнерімен ерекшеленді. Әзіл сапасы, актерлік ойын және сахналық мәдениет бойынша қазылар тарапынан оң баға алды.
Жастар басқармасының хабарлауынша, «Татьяна» командасының бұл жетістігі – өңірдегі жайдарман өнерінің жаңа белесі.
— Бұл нәтиже Маңғыстауда жастар шығармашылығының дамып, жайдарман қозғалысының қарқыны артып келе жатқанын дәлелдейді, – деп атап өтті басқарма өкілдері.
