Маңғыстау облысында жастарға цифрлық білім мен мүмкіндіктер ұсынатын жаңа жоба — «Маңғыстау жастары» мобильді қосымшасы ресми түрде іске қосылды. Бұл туралы облыстық жастар саясаты басқармасы хабарлады.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған жастарды технологиялық өзгерістерге бейімдеу, жасанды интеллектіні білім беруге енгізу және өңірлік цифрлық экожүйелерді дамыту тапсырмаларының аясында жүзеге асырылды.
Қосымшаны Timur Academy әзірлеген. Жобаның тапсырыс берушілері – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Маңғыстау облысының жастар саясаты басқармасы.
Жаңа қосымша Android және iOS құрылғыларында қолжетімді. Онда жастар үшін ақпараттық және сервистік мүмкіндіктер топтастырылған:
- өңір жаңалықтары;
- Ақтауда өтетін байқаулар мен шаралар жарияланымы;
- жастарға арналған бос жұмыс орындары;
- цифрлық құралдар мен пайдалы ресурстар.
Сонымен қатар, платформада өңір жастары 10 тегін онлайн курсқа қол жеткізе алады. Олар еңбек нарығында сұранысқа ие бағыттарды қамтиды:
- Жасанды интеллект негіздері
- Мұғалімдерге арналған ЖИ құралдары
- No-Code инженерия
- Data Analytics
- ЖИ графикалық дизайн
- Цифрлы маркетинг
- Стартап бастау
- ЖИ фото-видео монтаж
- ЖИ бизнес құралдары
- Практикалық AI технологиялары
Жоба авторларының айтуынша, қосымша өңір жастарын жаңа технологияларды меңгеруге, кәсіби дамуға және ақпаратқа жедел қол жеткізуге ынталандырады.
