«Гибралтар мен Босфор бұғазын жүзіп өттім». Ақтаулық жігіт Сауд Арабиясындағы «NEOM» жобасында қызмет етіп жүр

Құрал Жоламан Маңғыстау облысының тумасы. Бүгінде Сауд Арабиясында болашақтың қаласы аталатын «NEOM» жобасында жұмыс істейтін жерлесіміз өткен жылы Гибралтар бұғазын жүзіп өткен алғашқы қазақ ретінде тарихқа атын алтын әріппен жазды. Қаржы саласының маманы спортқа әу бастан жақын болғанын айтады. Ол небәрі 6 жыл бұрын жүзуді үйреніп, Босфор бұзғазын (6,5 шақырым) жүзіп өткен. Араға уақыт салып Атлант мұхиты мен Жерорта теңізінің түйіскен нүктесін бағындырды. Осы ретте ол mangystaumedia.kz тілшісіне арнайы сұхбат берді.

– Өткен жылы қазақ жігіт Гибралтарды жүзіп өткені туралы ғаламторда аз ғана ақпарат жария болды. Дегенмен, көпшілік өзіңіз туралы кең мағлұматқа әлі қанық емес…

– Мен Маңғыстау облысының тумасымын. Мұнайлы ауданында 1990 жылы дүние келіп, сол жерде 8 сыныпты аяқтағанша білім алдым. Кейін Ақтауға қоныс аударып, №4 экономикалық лицейде оқуымды жалғастырдым. 2008 жылы Алматыдағы «КИМЭП»-ке экономика және аудит мамандығы бойынша оқуға түстім. 2012 жылы аяқтаған соң, магистратурада халықаралық заң бойынша оқыдым. Айта кететін бір жайт, мен үшінші курстан тәжірибе алмасу бойынша Канаданың Британиялық Колумбия провинциясында бір жыл білім алдым. Сол жақта қазақ жастарының қоғамын құрып, наурыз тойын өткізгенім бар. Сонымен бірге, сол елдегі университетін жастары арасында халықаралық спорт олимпиадасын ұйымдастырдық. Оған сол кездері білім алып жүрген жапон, қытай, Еуропа елдерінен келген студент жастар қатысты.

– Студент шағыңыздан белсенді болған секілдісіз. Дегенмен, мұның өмірде де пайдасы тиген болар…

– Канадада жүріп студенттік ұйымдардың жұмысына сан рет куә болдым. Ол жақта жастар студенттік ұйымдардың жұмысына белсенді араласады. Кейін «КИМЭП»-ке оралған соң студенттер арасында сайлауға түсіп, өзімнің үлесімді қостым. Шешім қабылғанда маған ешкім сенбеді. «Сайлауға қатысу үшін белсенді болу керек» дегенді айта бастады. Бірақ өзімнің жеке жоспарым болды. Сайлауда жеңіске жету арқылы құрдастарыма көмектесткім келетінін айттым. Сөйте келе университент студенттерінің қаржы бойынша вице-президентіне үміткер атандым. Себебі, бұл бағытта бюджеттің басқа салаларға жұмсалып жүргенін байқайтынмын. «Бұған бақылау қою керек» деген ойда бекіндім. Сол жолы жолым болып, жеңіске жеттім. Осыйлайша университет басшыларымен арада жақсы қарым-қатынас орнай бастады. Кейін мені жұмысқа шақырушы компаниялар да көп болды. Оның ішінде «Теңізшевройл» компаниясы да болды.

– Білім жолында ізденіп жүргенде спортпен айнаныстыңыз ба? Жүзу спортымен қай кезден бастап шұғылданасыз?

– 2 жыл магистратурада оқып, жұмыс істедім. Қызметте қатардағы маманнан бастап менеджердің асссистентіне дейінгі жолдан өттім. Бірақ мен жасымнан спортқа жақын болмадым. Спортқа жақын болмадым. 2012-2017 жылдары аралығында «Ernst & Young» компаниясында жұмыс істеп жүргенімде Дубайдағы «PwC» компаниясына ауысу туралы ұсыныс түсті. 2016 жылдың соңында әңгімелесуден кейін мені жұмысқа шақырды. 2017 жылдың қаңтар айында Дубайға ауысып келген жайым бар. Біріккен Араб Әмірлігінде жұмыс істеп жүргенде қызметім қиын болған жоқ. Жұмыстан бөлек басқа нәрсемен айналысу керек болғандықтан мен жүгіру және жүзуді таңдадым. Бірақ оның түбінде жарысқа қатысамын деген мақсатты көздемедім. 2017 жылдың қараша айында топпен бірге жүзуді үйрендім. Бірінші айда 500 метрге дейін тоқтаусыз жүздім. Сол сәттен бастап жүзу спортының өзіме ерекше ұнайтынын байқадым. Ай сайын жаттыға жүзіп, қашықтықты ұзарта бердім. Желтоқсан айында рекордым 1 шақырымға жетті. Сөйтіп жүргенде жаттықтырушымыз 2018 шілде айында Босфор бұғазында Азиядан Еуропа аралығын жүзіп өтуден жарыс болатынын айтты. Қашықтығы 6,5 шақырым екен. Соған барып қатысып, межені бағындыру туралы ой туындады. 2018 жазында Босфорды жүзіп өткен соң менде үлкен мақсат пайда болды. Қазақтар қайда болған жоқ, сол жерде жүземін деп шешімге тоқтадым. Соның бірі Гибралтар бұғазы болатын. Себебі, Қазақстаннан ешкім Марокко мен Испания асындағы 16,5 шақырым аумақты жүзіп өтпеген екен. Жоспар бойынша мен 2020 жылы аталған аралықты жүзуге тиісті едім. Алайда пандемияға байланысты ол екі жылға шегерілді. Бұл да жүзіп өтуші адамға оңай емес. Дайындалып жүргенде уақыт шегеруілген соң қиындау болады. Себебі, біз дайындық кезінде бассейнге қаншама шақырым жүземіз. Сөйтіп жүргенде 2022 жылдың жаз айында жүзуге рұқсат берілді. Ұйымдастырушылар «Жоспарыңыз болса, уақыт бар» деді. Мен бұл ретте қуана келісім бердім. 4 ай бойы қарқынды дайындала жүріп, апта сайын 20-30 шақырым жүзіп үлкен дистанцияға дайын болдым. Тіпті демалыс күнде таңғы сағат төртте тұрып жүзген кездерім де көп болды. Тұрақты түрде баяу жүзе бердім. Дайындық кезінде «осы менің істеп жүргенім дұрыс па?» деген ойлар туындағанын жасырмаймын. Мүмкін басқа нәрселермен шұғылдануым керек шығар деген де ойлар болды. Бірақ мақсат қойған адам ондай қарама-қарсы ойларға бой алдырмауы керек. 2022 жылдың қыркүйек айының соңында Испанияға бардым. Қасымда түбі марокколық үш досым болды. Су салқын еді. Орташа есеппен температурасы 15-20 градусты шамасында еді. Бірақ мен мұндай суға алдын ала ұзақ бойы дайындалғанмын. 0 градустағы суда 5 минуттан отырып, бұл көрсеткішті 30-40 минутқа дейін жеткіздім. Айта кететін нәрсе, салқын суда жүзу өте қиын. Гидрокостюм киюге болатын еді. Бірақ мен оны пайдаланбай-ақ Гибралтарды жүзіп өтемін деп шештім. Себебі, оның нәтижесі жоғары болып саналады. Гидрокостюмді киген болсам, онда межені бағындыру едәуір жеңіл болады. Шарт бойынша бұғазды жүзіп өтуге берілген 10 күннің бірін таңдауымыз керек болды. Сол жолы барлығы ауа райына байланысты болды. Егер желдің бағыты мөлшерден артық болса жүзуге рұқсат етілмейді. Себебі, толқын мен жел жүзушіні Жерорта теңізіне немесе Атлант мұхитына қарай алып кетуі мүмкін. Тіпті жүзіп бара жатып межені аяқтай алмай алмай қалғандар, ауа райына байланысты мүлдем жүзе алмағандар да көп болды. Біз сол уақыттың 7-ші күнін таңдадық. Аздап қорқыныш бойды биледі. Оған себеп басқалардың орта жолдан тоқтап қалғаны болды. Мүмкін біз қайта дайындалуымыз керек болар деп ойладық. 2022 жылдың қыркүйек айының 30 күні күн қолайлы болды. Мамандар жүзу үшін сол күні ауа райы жаман емес деп айтты. Мүмкіндік бар кезде жүзейік деп шешім қабылдап, Гибралтар бұғазына күмп бердік. ,Әлі есімде, жұма күні түскі сағат 1 жарымда жүзуге кірістік. Шарт бойынша кешкі алты жарымға дейін межелі жерімізге жетуге тиіс болдық. Өйткені, күн батқан уақытта бірден тоқтатып тастайды.

– Жүзу барысында өз мүмкіндігіңізді қалай бағаладыңыз?

– Менде ең төменгі мүмкіндік болды. Толқын тууы және судың бағыты кедергі әбден келтірді. Сондықтан 1 сағат сайын тоқтап, тамақтанып отырдық. Сол сәтте толқын мен жел бізді (4 адам) Жерорта теңізіне қарай алып кете берді. Тоқтаған кезде 200 -250 метрге дейін бағытымыздан ығыстырып отырды. Сол жолы 4,5 жарым сағатта бітіреміз деп ойлаған едік. Келесі аялдама құрлықта боламыз деп айтқанымен 40-50 минут өткенде біз орында тұрған сияқты болдық. Толқын мен желдің бағыты көтерілгенде жүзуіміз мүлдем бәсеңдеді. 16,5 шақырымға есептеген біздің жоспар 18 шақырымға ұзарды. Әрі Марокконың құрлық жағалауындағы белгіленген нүктемізден едәуір алысқа кетіп қалдық. Осылайша 5 сағат 58 минутта Испанияның Тарифа деген қалашығынан Марокконың құрлығына жеттік.

– Жүзу кезінде жақындарыңыздан біреу болды ма?

– Жақындарымнан тек бапкерім болды. Туыстарымнан ешкім келмеді. Бір қызық жағдай, жүзіп өткеннен кейін апта бойы денем қызып жүргендей болды. Себебі, біз суда жүзе бастаған 17 градус жылы болған еді. Ал су ортасында ол көрсеткіш 19 градусқа жетіп, Марокко жағалауына жетіп қалғанда су қайта салқындай түсті.

– Жерорта теңізі мен Атлант мұхитының ортасындағы бұғазда жыртқыш балықтардың аз болмасы белгілі. Ұйымдастырушылар сіздерге бұл туралы ескертті ме?

– Бізге алдын ала акула, кит, дельфин секілді су жануарлары болатыны айтылды. Бірақ өздеріңіз тиіспесеңіздер олар өздігінен шабуылдамайтынын алға тартты. Делфиндердің секіріп жүргенін байқадық. Дегенмен, жүзу кезінде су тереңдігінен үлкен ірі қара нәрсе көрінді. Кит екенін бірден байқадым. Шамамен 20-30 метр тереңдікте байқалды. Оны ойламау үшін басымды басқа жаққа бұрдым. Егер ойыма кіріп алса, судан шығып кетуім мүмкін еді.

– Гибралтарды бағындырған соң тағы да қандай аралықты жүзіп өттіңіз?

– Содан кейін кейін 2-3 ай бойы демалайын деп шештім. Қазір аптасына бірнеше рет бассейнде жүзіп тұрамын. Басқа мақсаттарым бар. Соны жүзеге асыруым керек.

– Әңгімеңізден байқағаным сіз оқу бітіргелі тек алпауыт компанияларда қызмет етіп келеді екенсіз. Білуімше қазір Сауд Арабиясындағы ірі жобаға ат салысып жатыр екенсіз…

– 2012-2017 жылдары аралығында «Ernst & Young» компаниясында жұмыс істеген соң, 2017-2019 жылдары Дубайдағы «PwC» компаниясында қызмет еттім. Ал 2019-2023 жылдары Mediclinic Middle East компаниясынан табысты жұмыс істедім. 2023 жылдың ақпан айынан бері Сауд Арабиясындағы «NEOM» жобасында жұмысымды жалғастырып жатырмын. Бұл Сауд Арабиясындағы үлкен жоба. Ұсыныс болғаннан кейін 3-4 ай уақыт әңгімелесу, құжат өткізу секілді рәсімдерден соң ақпан айында шақырту алдым. Болашақтағы ұзын қаланың аты Зелайн (сызық) деп аталады. Бұл жоба аудан я облыс деп атауға болады. Елдің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Бұдан бөлек Сауд Арабиясының экономикалық аумағы болмақ. Өзінің заңдары мен үкіметі, бөлек мемлекет секілді жұмыс істейді. Мен мұнда орталық стратегиялық қаржы департаменінің маманы болып еңбек етіп жатырмын. Басқа секторлармен жұмыс істеймін. Соның бюджетін, болжамын қараймыз. Алда 3 жылдық келісім негізінде жұмыс істемекпіз. Уақыт өткен соң келісім созуға болады.

– Аңызға айналған «NEOM» жобасында басқа кімдер еңбек етеді?

– «NEOM» жобасы бойынша 70 пайызы сырттан келген білікті мамандар еңбек етеді. Олардың көпшілігі Англия, АҚШ, Канада, Аустралиядан келгендер. Мен өз департаментімде Қазақстаннан келген жалғыз маманмын. Жалпы осы жобаның басқа бағыттарында қазақ мамандары барын естідім. Алайда әзірге танысудың реті келмеді. Жаңа жоба 2055 жылға дейін созылады. Оның ішінде көптеген жобалары бар. Соның бірі Оксагон деген порт қаласы. Құрылысы алдағы 2-3 жылдықта аяқталып қалады. «NEOM»-дағы таулы қыратта қысқы курорттар салынып, 2029 жылы Қысқы Азия Ойындарын өткізуді жоспарланып отыр.
Жалпы мұнда «NEOM»-да 4000 мың маман жұмыс істесе, 40-50 мың құрылысшы бар. Бұдан бөлек, 8 мыңдай кеңесші түрлі бағыттар бойынша еңбек етіп жүр. Жоба «Болашақ қаласы» деп те айтылады «NEOM»-да дүниеде жоқ заттар болады деп күтіліп отыр. Оның бірінші жобасы 2030 жылы дайын аяқталуы керек. Ұзындығы 170 шақырымға созылады. Алдағы жеті жылда қаланың 2,5 шақырым аумағының құрылысы аяқталады. Ені 200 метр болса, биіктігі 500 метрге жетпек. Қазір құрылыста қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала тұрғындарына Қызыл теңіздің суын тұщытып беру және жерасты суын тарту көзделген.

– Ғажап жоба екен. «NEOM»-да жұмыс істейтін Ақтау тұрғынының отбасысы туралы білсек…

– Ата-анам Ақтауда тұрады. Қарапайым еңбек адамдары. Мен жасымнан білім алып, нәтижесінде осындай жерде еңбек етіп жүрмін. Өзім үйленгенмін. Үш бала тәрбиелеп отырмын. Әзірге отбасым Ақтауда. Біз жұмыс істейтін компанияның отбасылық үйлері келесі жылдың жазында аяқталатындықтан, сол кезде ғана отбасымды алып кетемін.

Әңгімелескен – Заңғар Аманкелді

Exit mobile version