Ақтауда Маңғыстау облысы бойынша талапты жастар арасында бірнеше бағытта үздіктер анықталып, арнайы сыйлықтар табысталды. Облыстық жастар саясаты басқармасының қолдауымен және өңір бойынша жастар ресурстық орталының ұйымдастыруымен «Жас Тұлпар – 2024» және «Тәуелсіздік ұрпақтары» жастар сыйлығының иегерлері марапатталды.
11 аталым бойынша Маңғыстаудың талантты жастары 2024 жыл бойынша үздік деп танылып, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әділов құттықтады.
«Еліміздің болашағы – жастар. Сол жастардың мемлекеттік саясатты қолдауға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Маңғыстау облысында 14-35 жас аралығында 235 мың жас тұрады. Бұл облыс халқының 30 пайызға жуық бөлігін құрайды. Жастарға биыл 1,2 млрд теңге қаржы бөлініп, қолдауға жұмсалды. Соның аясында аудандардағы орталыққа, «Жасыл ел» бағдарламасына және 200 млн теңге үкіметтік емес ұйымдар арқылы жиырмаға жуық жобаға қаржы бөлінді. Соның аясында 50 мыңға жуық жас қамтылды. Жастарды оқытып, олардың білімін көтеруде бірнеше жоба жүзеге асырылды. Ресей мен Чехия елдерінде облыстың бірнеше жас маманы тағылымнамадан өтіп жатыр. «Жас прожект» бағдарламасы бойынша Маңғыстау облысынан 8 жас грант ұтып алды. Бүгінгі шарада марапат алған жастарды шын жүректен құттықтаймын», – деді Тілеген Әділов.
Марапаттау аясында Маңғыстау облысы бойынша «Үздік жас дәрігер» Бауыржан Танауов, «Үздік жас спортшы» Жанұя Сейітова, «Ауылдың үздік жас маманы» Александра, «БАҚ саласының үздік жас қызметкері» Голрох Жеменей, «Үздік жас ғалым» Мәншүк Ибраева, «Үздік жас дарын» Темірбек Асқамбаев, «Үздік жас мұғалім» Марат Атаназаров, «Үздік жас маман» Төлеген Қылышбаев, «Бейбіт күннің батыры» Азамат Садақбаев, «Үздік жас кәсіпкер» Данияр Тұрсекенов, «Үздік жас көшбасшы» Юсуф Қысбаев сахнаға көтерілді.
Салтанатты шараға Маңғыстау облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай, өңір бойынша жастар ресурстық орталықтарының басшылары, комисия мүшелері қатысып, марапаттау рәсімінің соңы аймақтың талантты жастарының өнер көрсетуінен тұратын концертке ұласты.