Ақтауда жас мамандар қаржылық сауатын арттырды

Ақтауда жас мамандардың қатысуымен «Қаржылық менеджмент» тақырыбында оқыту өтті. Жас мамандарға лектор, ментор, коуч Ерік Шыныбеков келіп, қаржылық сауат бойынша ақпараттарымен бөлісті.

Оқытуда қаржыны жинау, инвестицияға салу, қайта қаржыландыру, қайта құрылымдау жүйесі, несие және қарыз тақырыбын қозғады.

Ерік Шыныбековтың айтуынша, адам қаржысына ие болуы керек. Сол себепті де пассивті шығыс көздерін азайтып, активті табыс көзі үшін әрекет ету маңызды. Сонымен қатар ол несие алар алдында өзіңе сұрақ қою қажет екендігін еске салды. Яғни, «бұл зат маған керек пе?», «альтернативасы бар ма?», «кейін алуға бола ма?», «маған бірдеңе болса, салдары қандай болмақ?», «кредитсіз жүрсем, қандай моральдық сезім болады?» деген сауалдарға жауап іздеу қажет екендігін түсіндірді. Жас мамандарға қаржылық мақсаттарға қолжеткізу жоспарын айтты.

– Қазіргі таңда қаржыны жинай алмау, тиімді қолданбау үлкен мәселеге айналды ғой. Осы орайда оқыту арқылы ақшаны үнемдеудің, оны көбейтудің жолдарын үйрендік. Спикердің айтуынша, кез келген адамда қауіпсіздік қоры болуы керек. Ол үшін жалақыны жүз пайыз жұмсамай, табыстың кем дегенде 20%-ын бөлек жинау керек. Шығындарға ревизия жасау, қосымша табыс көзін табу, қосымша үнем жолдарын іздеу қажет. Бұл алдағы тосын жайттарға керек болуы әбден мүмкін. Сондай-ақ жиналған ақшаны инвистицияға салудың маңыздылығын түсіндірді. Ерік мырзаның барлық құнды ақпаратты жеңіл әрі қызықты жеткізгені ұнады. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, – деді Жаңаөзеннен келген жас маман Ғалияш Мұсаева.

Айта кетейік, оқытуды «7 жұрт» қоғамдық бірлестігі «Жас маман» гранттық жобасы аясында Маңғыстау облыстық білім басқармасының қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау» орталығымен бірлесе ұйымдастырды. Оқытуға әр аудан, қаладан келген 100 жас маман қатысып, білім алды.

Exit mobile version