Ақтауда Жайдарман ойындарының финалдық бәсекесі өтті

«Абай» мәдени-демалыс кешенінде Жайдарман ойындарынан Маңғыстау облыстық ашық чемпионатының финалы өтті.

Жыл басынан бері ұйымдастырылған Жайдарман ойындарының Жоғарғы Лигасына 12 команда қатысты. Астарлы әзіл, қағытпа қалжыңымен алға озған 4 команда ақтық бәсекеде өнер көрсетті. Оның ішінде Жаңаөзен қаласынан 3 команда бар, атап айтқанда, «Асекеңнің қыздары», «Не хабар», «Теңге» құрамасы бар. Сонымен қатар Түпқараған ауданынан келген «Ақкетік» құрамасы қатысты.

Қазылар алқасының құрамында айтыскер, ақын, Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты Қалбай Арғынбек, әнші Мәлік Жамбылұлы, ардагер жайдарманшы, «Барыстар» жайдарман командасының ойыншысы Дәулет Сағынтаев, әлеуметтік желі жұлдызы Досжан Дукай, 2015 жылғы республикалық Жоғарғы Лига чемпионы Матжан Бектұрған қазылық етті.

Жайдарманшылар екі кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы сында командалар «Сәлемдесу» бойынша өнер көрсетті. Содан кейін «Жұлдызбен кездесу» кезеңінде көрініс қойып, көрермендердің қошеметіне бөленді.

Әділ қазылар алқасының жоғары ұпайына ие болған жаңаөзендік «Асекеңнің қыздары» 1-орын алды. Жеңімпаз команда 300 мың теңге ақшалай жүлдемен марапатталды. Жүлделі 2-орынды және 250 мың теңге ақшалай сыйлықты «Теңге» құрамасы қанжығаға байласа, 3-орын мен 150 мың теңгеге түпқарағандық «Ақкетік» құрамасы ие болды. Жеңімпаз командаларға арнайы кубок, медаль, табысталды.

Ойын соңында Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай Жайдарманның әрі қарай жандануына сенім білдіріп, жеңімпаздарды құттықтады.

Шара Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Боранқұл командасы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.

Exit mobile version