Ақтауда тоғызқұмалақтан облыстық чемпионат өтеді

6 тамыз күні теңіз жағалауында тоғызқұмалақтан облыстық ашық чемпионат өтеді. Чемпионат «Ұлттық құндылық – ұлттың қазынасы» жобасы және «Jastar Week» апталығы аясында ұйымдастырылады, – деп хабарлайды mangystauzhastary.kz сайты.

«Жеті жұрт» ҚБ жетекшісі Гүлназ Жеңісқызының айтуынша, тоғызқұмалақ адамның ой-санасын шынықтыруға, мидың жұмыс істеу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қатысушылардың зияткерлік шеберлігін шыңдайды. Сондықтан жастар арасында ұлттық ойынды насихаттап, қызығушылығын, бұқаралық сипатын арттыру – басты мақсат.

– Ашық чемпионатқа 15-25 жасқа дейінгі және 25-35 жасқа дейінгі ерлер және қыздар (әйелдер) қатысады. Ерлер мен әйелдер бөлек сынға түседі. Жарыс реттелмелі-айналмалы жүйемен блиц бойынша өтеді. Әр ойыншыға блиц 5 минут +2 секунд беріледі. Жалпы жүлде қоры – 800 000 теңге. Әр категория бойынша бірнеше жеңімпаз анықталады және бағалы сыйлықтар, сертификаттарға ие болады. Жарысқа қатысушылар 6 тамыз күні сағат 11.00-ге дейін тіркелуі тиіс. Тіркелу үшін 8 705 970 18 08 нөміріне хабарласуы керек, – дейді «Жеті жұрт» ҚБ жетекшісі Гүлназ Жеңісқызы.

Айта кетейік, тоғызқұмалақтан ашық чемпионатты «Жеті жұрт» қоғамдық бірлестігі облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен өткізеді.

Exit mobile version