Ақтауда самбо күресінен ашық Азия кубогы аяқталды

Ақтауда әлемдік деңгейдегі самбо күресінен ашық Азия кубогы аяқталды. 9 мемлекеттен келген 200-ге жуық балуан бақ сынаған дүбірлі додада еліміз 26 алтын иеленді.

Айта кетейік, үш күнге созылған жарыста, еліміздің қоржынында 26 – алтын, 20 – күміс, 20 – қола медаль бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстан құрама командасы жарыстың алғашқы күнінен бастап, басқа ел спортшыларынан оқ бойы озық түскен.

Мәселен, ерлер арасындағы жауынгерлік самбодан алтынды Қазақстан, күмісті Түрікменстан, қоланы Бахрейн мемлекеті иеленген. Әйелдер арасындағы жауынгерлік самбода алтынды Қазақстан, күмісті Түрікменстан, қоланы Өзбекстан спортшысы алса, спорттық самбода ерлер арасында алтынды Қазақстан, Бахрейн күмісті, Түрікменстан қола жүлдеге ие болды. Ал әйелдер арасында алтынды – Қазақстан жеңсе, күміс пен қоланы Өзбекстан мен Армения бөлісті.
Халықаралық дәрежедегі чемпионатқа самбодан Азия федерациясының президенті Аламжон Муллаев, Казақстан самбо федерациясының президенті Айдос Акжанов, жарыстың басты судьясы Александр Ларёнов Қырғыстаннан келді.
Спортшылардың айтуынша, олар додаға тыңғылықты дайындықпен келген. Себебі осы жарыстың қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың қараша айында Өзбекстан мемлекетінде өтетін әлемдік самбо чемпионатына жолдама алады.

Маңғыстаулық спортшылар барлығы жеті медаль, оның ішінде 4 алтын және 3 күміс медаль жеңіп алды. «Жас батыр» спорт мектебінің балуаны Гүлсім Қазанова спорттық және жауынгерлік самбо күресінен ашық Азия кубогының 80 кг салмақ дәрежесі бойынша алтыннан алқа тақты.

-Жеңіске жеткеніме әлі де сене алмай тұрмын. Қарсыласым мықты. Дайындығы да жоғары деңгейдегі спортшы қыз. Алдағы турнирлерде де жақсы жетістікке жету үшін, дайындығымды күшейтемін. Қолдау білдірген ата-анама, достарыма және жеңіске жетелеген бапкерлеріме алғысымды білдіремін, – деді «Жас батыр» спорт мектебінің балуаны Гүлсім Қазанова.

Айта кетейік, жарыс алдында ұйымдастырылған баспасөз конференциясы барысында самбодан Азия федерациясының президенті Аламжон Муллаев, Казақстан самбо федерациясының президенті Айдос Ақжановқа самбо чемпионатының жалауын табыстап, бұл Қазақстан самбо тарихындағы ерекше сәт екенін атап өткен болатын. Жалау – 2023 жылдың 1-5 шілдесінде Алматы қаласында өтетін үлкен самбо чемпионатында тігіледі.

Exit mobile version