Ақтауда көшбасшыларды қалыптастыратын академия ашылды

Ақтауда алғаш рет балалар мен жасөспірімдерге арналған «Unicum» бизнес академиясы ашылды. Мұнда балаларды көшбасшылыққа баулиды, ерте жастан мақсат қоюды, көп алдында сөз сөйлеуді үйретіп, қаржылық сауаттылықты арттырады. Сол арқылы бизнес бастауға бағыт-бағдар береді.

«Бүгінгі ашылып жатқан академияны «әлеуметтік жоба» ретінде қараймын. Себебі академия алдағы уақытта қаншама баланың болашағына әсер етеді. Олардың лаулап жануы үшін, өз қарым-қабілетін танып, көшбасшы болуына барлық жағдайды жасайды. Балаларға ерте жастан көшбасшылық қабілеттер мен жаңа жұмсақ дағдыларды үйретудің маңызы зор. Сонда ғана болашақта бәсекеге қабілетті жас қатары артады», – дейді Бибігүл Шайхиева.

Оның айтуынша, соңғы жылдары балаларда травма көбейді, психологқа баратын жас қатары артты. Әлі күнге дейін өз-өзін таппай келе жатқан жан көп. Мұның барлығы бала мен ата-ана арасындағы дұрыс қарым-қатынастың болмауынан, жүйелі көңіл бөлмеуінен пайда болады.

«Көбі айналасындағы табысты адамдарға қызығып қарайды. Бірақ өз баласының қаншалықты табысты екенін аңғармайды. Біздің қоғамда балаға көңіл бөлуді ойын-сауық орталықтарына қыдыртумен немесе киім алу, тамақтанатын орынға алып барумен ғана шектейміз. Шын мәнінде ең керегі – білім. Баланы кітап оқуға, ізденісте жүруге, ойын ашық әрі еркін жеткізуге, таңдау еркіндігіне үйретуіміз керек. Себебі әрбір бала – лидер», – дейді Бибігүл Кәкімжанқызы.

Осы ретте жаңа лидерлерді жарыққа шығару үшін тек баламен ғана жұмыс істеу тиімсіз. Сондықтан мамандар ата-анамен бірге жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр. Кәсіпкердің айтуынша, алдағы уақытта ата-аналармен бірге түрлі тимбилдингтер, коучинг-тренинг, табиғат аясына саяхаттар ұйымдастырылады. Бұл ана мен баланы жақындастыруға, қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға септігін тигізеді.

«Бизнес академия 10 жастан 22 жасқа дейінгі жастарды қабылдайды. Алғашқы күні сынамалы сабақ болады. Әрі қарай академияда оқу – ақылы. Толық академияны бітіруге үш ай қажет. Балалар оқу барысында бизнес жоспар жасақтап шығады. Содан соң арнайы эксперт алдында бизнес жоспарды қорғап, оның орындалуы аясында жұмыс жүргізеді. Аймақтағы немесе республикалық деңгейдегі кәсіпкерлік нысандарды аралап, кәсіпкерлермен тәжірибе алмасады. Курс соңында оқушылар «Маңғыстау» сауда орталығында өз өнімін көпке ұсынуға мүмкіндік алады», – дейді инвестор, кәсіпкер Дильбар Есенкелдина.

«Unicum» бизнес академиясы ай сайын 15 баланы оқытуды жоспарлап отыр. Кәсіпкер Бибігүл Кәкімжанқызының айтуынша, балаларға жеке көңіл бөлу, олармен практикалық байланыс орнату өз нәтижесін береді. Дегенмен академияны бітірген барлық баланың кәсіпкер болуы – міндетті емес. Ең басты міндет – көшбасшы қалыптастыру және халықаралық межеге жету.

Exit mobile version