Ақтауда жастарды есірткіден сақтандыруға және есірткі жарнамасына тосқауыл қоюға бағытталған «Есірткісіз аймақ» рейдтік іс-шарасы өтті.
Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған шараға полиция департаменті, прокуратура мамандары және облыстық жастар ресурстық орталығының ерікті жастары белсенді қатысты.
Рейд барысында қатысушылар 1 және 9-шағын аудандарда, теңіз жағалауында, «Аққала молл» және ШУМ сауда үйі аумағында есірткі жарнамалары бар жазбаларды жойып, тұрғындарға арнайы ақпараттық брошюралар таратты. Сондай-ақ, қаладағы дүкендерге жасөспірімдерге темекі өнімдерін сатуға тыйым салу туралы ескерту қағаздары ілініп, сатушылар мен тұтынушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Бұл шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және есірткіге қарсы күресті күшейту. Алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жалғасын табады», – деді Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығының директоры Серік Жомартов.
