Ақтауда «BalQaimaq food» фестивалі өтті

Ақтаудағы «TetysBlu» саябағында «BalQaimaq food» фестивалі өтті. Шарада қаланың 20-дан астам үздік мейрамхана мен дәмханасы кондитерлік өнімдерін жұртшылыққа ұсынды.

Фестиваль ұйымдастырушыларының айтуынша, аталған іс-шара Маңғыстау облысындағы туристік маусымды ұзартуға бағытталған. Сонымен қатар, фестиваль еліміздің қонақжайлылығын көрсетіп, өлкенің гастро мәдениетімен таныстырады.
-«Kazakh Tourism» мен ҚР мәдениет және спорт министрлігі қазан, қараша айында Маңғыстау облысында 20 іс-шара ұйымдастырғалы отыр. Оның ең алғашқысы «BalQaimaq food» фестивалі. Жазғы маусым аяқталса да, қыс түскенше қонақтар тек теңізді тамашалуға ғана емес, дәмді тағамдарымыздан ауыз тию үшін де келе алады, – деді «Rixos Aktau» және «TetysBlu» демалыс орнының басқарушы директоры Серік Исағалиев.

Фестиваль аясында Ақтау қаласының 20-дан астам үздік мейрамхана мен дәмханасы кондитерлік өнімдерін ұсынды. Қатысушылардың өнімдеріне іс-шара қонақтары мен кондитерлік шеберліктің танымал мамандарынан тұратын қазылар алқасы баға берді.

-Бәсекелестерімізбен тәжірибе алмасу мақсатында осы конкурсқа қатыстым. Уақыт тығыз болғандықтан «Муссовый торт» дайындауға тура келді. Бұл білікті кондитер үшін ешқандай қиындық тудырмайды. Әділ қазыларға тәттінің дәмі ұнаған секілді. Үшінші орын бұйырды. 50 000 теңге ақшалай сыйақы алдым, – деді шеф-кондитер Муслим Мирзабабаев.

Іс-шараға 10 мыңнан астам адам қатысты. Қала тұрғындары үшін «TetysBlu» саябағына кіру тегін болды. Тақырыптық паркте 13 аттракцион тегін жұмыс жасап, балаларға арналған концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.

-Концерттік бағдарлама өте қатты ұнады. Аниматорлар балаларымызға керемет көңіл күй сыйлап, бір қуанып қалдық. Біздің әсем қала үшін осындай шаралар көп ұйымдастырылуы керек деп есептеймін,- деді Ақтау қаласының тұрғыны Владимир Розов.

Шара барысында құрт, балқаймақ жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Қазақи ұлттық тағамдар дайындайтын «Ақ дәм» брендінің негізін қалаушылар да өздерінің дайындаған сүт өнімдерін жұртшылыққа ұсынды.

Айта кетсек, алдағы апталарда Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін «Caspi Byke», «Teniz Music Fest», «Plogging Saura & Tamshaly», «Aktau Marathon» және «Dj Run Aktau» шарасы ұйымдастырылады.

Exit mobile version