Жақында «Aktownх» шығармашылық бірлестігі АҚШ Елшілігінің қолдауымен, Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсымен бірлесе “Aktown talks” жобасын қорытындылады, – деп хабарлайды mangystauzhastary.kz сайты.
Наурыз айынан басталған «Aktown talks» білікті спикерлердің қатысуымен, жастарға қажетті білім алуға, тәжірибе алмасуға және өз идеялары мен жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара жастар үшін маңызды төрт тақырыпта өтті. Атап айтқанда, мамандық таңдау, адам құқығы, психологиялық, менталды денсаулық және көшбасшылық. Шараға білікті спикерлер қатысып, өз тәжірибесімен бөлісті. Спикерлер арасында Цифрлық білім беру саласының сарапшысы Жаннат Бубекбаева, Қазақстандағы №1 орында тұрған «Qamalladin media» ірі медиа агенттігінің даму жөніндегі директоры Ануар Акуов, саясаттанушы Шалқар Нұрсейтов, журналист, кәсіпкер, «The village Kazakhstan», «Batyr jamal» жобаларының негізін қалаушы Айсана Ашим және психология магистрі ,«Just Support» қоғамдық қорының басшысы Светлана Богатырёва келді. Сонымен қатар Қазақстанның тәжірибеші психологтар қауымдастығының мүшесі, ISSUP мүшесі, Волонтерлық еңбегі үшін ООH жүлдесін алған Владимир Алексанин, «Forbes 30, 30-дан төмен» рейтингіне енген, кәсіпті дамыту жөніндегі кеңесші, «Design thinking center Asia» жаһандық оқу орталығының басқарушы директоры Илай Бексултан, «Qazaq Speakers» халықаралық спикерлер конкурсының күміс жүлдегері, бизнес тренер,«Mr. president» жас көшбасшыларды дайындайтын оқу студиясында жүздеген шәкірт тәрбиелеген Қайрат Хасанов жастармен кездесті.
“Aktown talks” аясында төрт кездесу өтіп, соңында концерт ұйымдастырылды. Айтуынша, ұйымдастырушылар білім беруден бөлек ұмытылмас эмоция сыйлағанды мақсат еткен. Концертте қаланың жас таланттары өнер көрсетті. Қорытынды кешке 2000 көрермен жиналды.