Ақтауда Маңғыстау облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың қолдауымен Volunteer Talks атты мотивациялық кездесу ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – қоғам игілігі үшін қызмет етіп жүрген волонтерлердің еңбегін дәріптеу және олардың бастамаларын көпшілікке кеңінен таныту.
Кешке қатысушылар волонтерлік жолдағы тәжірибелерімен бөлісіп, жақсылық жасаудың маңыздылығы жөнінде ой бөлісті. Қонақтарға шабыт беретін әңгімелер ұсынылып, волонтерліктің адам өміріндегі рухани әсері талқыланды.
Шара спикерлері ретінде шақырылған Наурызбек Бағдатов пен Юсуф Кисбаев волонтерліктің жаңа орта тауып, рухани күш алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кештің ең ерекше сәті – қатысушыларға арналған тосын сый болды. Ұйымдастырушылар әлеуметтік желіде өткен «Волонтерлік саған не үшін қажет?» атты байқау жеңімпаздарына “Rixos Water World” қонақ үйіне екі адамдық жолдаманы табыстады.
Байқау қорытындысы бойынша 15 қатысушының ішінен екі адам ерекше көзге түсті: 15 жастағы Рамазан Нұрберген және ерекше балалардың анасы Фариза Аспамбетова.
Рамазан есту қабілетінде қиындық болса да, белсенділігімен көпке үлгі болып жүр. Ол волонтерлік сапарын «Мейірімді әлем» фестивалінен бастап, анасымен бірге түрлі игілікті жобаларға атсалысып келеді.
Ал Фариза Аспамбетова 2018 жылдан бері волонтерлікпен айналысып, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға қолдау көрсетуді мақсат еткен. Қазір ол өз тәжірибесін бөлісіп, көпшілікке демеу болып жүр.
«Бұл сый — олардың қоғамға қосқан үлесін мойындаудың бір белгісі. Volunteer Talks шарасы волонтерліктің құндылығын тағы бір дәлелдеді», — деді ұйымдастырушылар.
