Ақтауда Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 3502 әскери бөлімінде «Ұжым арасындағы қарым-қатынас» тақырыбында психологиялық тренинг өтті.
Игілікті іс-шараға ҚР ІІМ Ұлттық ұланның 15 сержанты қатысты.
Тренинг барысында МО жастар ресурстық орталығының психологы Маржан Сұлтанова әскери қызметкерлерге ұжым ішіндегі өзара қарым-қатынасты нығайту, тиімді коммуникация орнату, эмоцияны басқару және қызмет кезінде кездесетін психологиялық қиындықтарды еңсеру жолдары туралы айтты.
Іс-шара интерактивті форматта ұйымдастырылып, қатысушылар түрлі психологиялық жаттығулар орындап, өзара пікір алмасты. Сонымен қатар, тренинг барысында командалық жұмыс, сенім қалыптастыру және әріптестер арасындағы қолдаудың маңыздылығы кеңінен талқыланды.
Маржан Сұлтанованың айтуынша, мұндай тренингтер әскери қызметкерлердің психологиялық тұрақтылығын арттырып қана қоймай, ұжымдағы ауызбіршілік пен өзара түсіністікті нығайтуға оң әсер етеді.
Шара соңында қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, күнделікті қызмет барысында мұндай кездесулердің маңызы зор екенін атап өтті.











