Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы Атырау облысының Жылыой ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинап жатыр.
Қазіргі уақытта Ақтаудағы үкіметтік емес бірнеше ұйымдар мен мәслихат депутаттары қомақты қаржылай көмек көрсетті.
«Біз Құлсарыдан Бейнеуге көшірілген тұрғындарға көмек ретінде қажетті заттарды жинап жатырмыз. Оның ішінде төсек-орын, қажетті киім кешектер бар. Бүгін су тасқынына бөгет ретінде қойылатын 8 мыңға жуық қапшық сатып алынды. Әлі де көмек қолын созуға ниетті тұрғындар тиісті көмектерін көрсетуде. Сондай-ақ, көмектесуге қажет еріктілер тобы жасақталды», – деді Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Гүлмира Баянқызы.
Кеше Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына Атырау облысының Құлсары қаласынан тұрғындар көшірілді. Олардың дені Боранқұл ауылына, Бейнеу ауданының орталығына, тағы ауқымды бөлігі Ақтауға көшірілді.
Атырау облысында су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек ретінде мына заттарды әкелсеңіз болады:
* Төсек жабдықтары
* Гигиеналық заттар
* Азық-түлік (мерзімі өтпеген)
Қосымша сұрақтар үшін +7 778 253 9405 Нұрасыл Нұрбергенұлына хабарласуыңыз сұралады.