Маңғыстау облысының тумасы, жас ақын Еділбек Дүйсенов Президенттік арнаулы әдеби сыйлықты иеленді. Бүгін Алматыда өткен салтанатты іс-шарада Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жерлесімізге арнаулы әдеби сыйлықты табыс етті.
«Әдебиет – ұлттың жаны. Ол әрдайым халықпен бірге үздіксіз дамып отырады. Шығармашыл тұлғаның қаламынан қашалып шыққан туынды қай кезде де әлемдік контекстегі ұлттың ерекшелігін танытатыны сөзсіз. Хәкім Абай, Мұхтар Әуезов, Қасым Аманжолов, Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев сынды әдебиет алыптарының шығармалары өз уақытының көркемдік көкжиегін кеңейтті. Руханияттың осынау ұлы көші өз сапарын тоқтатпай, кеше мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғап келеді. Сондықтан біз әрдайым жас қаламгерлер шығармашылығын айрықша назарда ұстаймыз», – деп атап өтті министр марапаттау рәсімінде.
Министр «Қазақстанның жас жазушылары мен ақындарына арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың лауреаты» атағының иегерлеріне арнайы дипломдар мен төсбелгілер және ақшалай сыйлықтар тапсырды.
Оның ішінде «Проза» номинациясы бойынша Жылқыбай Досханның «Квант» туындысы, «Поэзия» номинациясы бойынша Еділбек Дүйсеновтің «Қалалық құстар» өлеңдер топтамасы, «Драматургия» номинациясы бойынша Айтолкын Ашимованың «Тау көтерген Толағай» драмалық туындысы, «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша Олжас Қасымның «Атың озсын, азамат!» топтамасы жүлделі орынға ие болды.