Бүгін, 18 тамызда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті облыстық жастар ресурстық орталығының мамандары, ҮЕҰ өкілдері мен еріктілер үшін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша семинар ұйымдастырды.
Семинар барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырудың маңызды аспектілері талқыланды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің МО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Біржан Хайруллин өз сөзінде мемлекеттік қызметшілерге немесе оларға теңестірілген адамдарға заңсыз сыйақы бермеу қажеттігін атап өтті. Оған қоса бағыныштылардың сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін бірінші басшылардың дербес жауапкершілігін енгізу, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесі, жемқорлыққа делдал болғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату туралы айтылды.
Сонымен қатар жиын барысында «Антикор волонтеры» жобасы түсіндірілді. Біржан Хайруллиннің айтуынша, «Антикор волонтеры» жобасы 4 бағыт бойынша іске асады. Нақтыласақ, қоғамдық бақылау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеу және ағарту, Pro bono волонтерлік, яғни кәсіби көмек көрсету және корпоративтік ерікті болуға болады. Бұл өз кезегінде қоғамда жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыруға, сондай-ақ жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептерді және олардың салдарын жоюға септігін тигізеді.
Жиын соңында жастар антикор маманына толғандырған сауалдарын жолдап, нақты жауап алды.
Еске салайық, егер сіз сыбайлас жемқорлық фактілері туралы білсеңіз, тәулік бойы байланыста болатын 1424 нөмірі арқылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Call-орталығына хабарласа аласыз.