Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы 28 маусым – БАҚ қызметкерлері күніне орай мерекелік шара ұйымдастырды.
Шара барысында орталық басшысы Мұқаш Оралбай облыстық жастар ресустық орталығының негізгі жаңалықтарымен бөлісіп, ондағы оң өзгерістерді тілге тиек етті. Сонымен қатар ол жастар саясаты саласында қалам тербеп, қолдау көрсетіп жүрген журналистерге алғыс білдірді.
Ақпарат айдынында үздіксіз еңбек етіп жүрген БАҚ қызметкерлері боулинг ойнап, мерекелік көңіл-күйге бөленді.
– Облыстық “Жастар ресурстық орталығы” ұйымдастырған жергілікті журналистерге арналған кеш өте жоғары деңгейде өтті. БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында басы қосылып, бір-бірімен бейресми түрде араласуына мүмкіндік туды. Ақпарат саласында жүрген жас мамандар көңіл көтеріп қана қоймай командалық жарысқа да қатысты. Жағымды жаңалық, әдемі тілек, орынды ұсыныс айтылған отырыс болды. Ерекше басқосудың өтуіне мұрындық болған жастар орталығы ұжымына алғыс айтамын! – дейді облыстық «Маңғыстау» телеарнасының редакторы Мөлдір Батырбай.
Кеште Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы басшысының м.а Абылай Фазылбек журналистік қызметтің жауапкершілігі мен маңыздылығын атап, тілшілік тіршілікте тынымсыз жүрген журналистерді құттықтады. Сондай-ақ басқарма атынан алғыс хат табыстады.