Бизнес бастағысы келетін адамдарға мемлекет өтеусіз және қайтарымсыз гранттар берді. Бұл туралы Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов тұрғындарға есеп беру кездесуінде айтты.
Кәсіпкерлік мақсатта берілетін қайтарымсыз гранттар мөлшері – 400 АЕК, яғни 1 225 200 теңге. Әр қатысушының тек бір рет алу мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік грантқа еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдар, оралман қандастар, өңіраралық қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушы, көпбалалы отбасы мүшесі(жұбайы н/е зайыбы), мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар (жұбайы/зайыбы), асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алатындар және 29 жасқа дейінгі жастар қатысты. Ол үшін үміткер жұмыссыздыққа тіркелген немесе тіркеу мерзімі 3 жылға дейінгі жеке кәсіпкер, бірыңғай жиынтық төлем төлеуші болуы керек. Сонымен қоса үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығаны туралы мерзімі үш жылдан аспайтын сертификаты болуға тиіс.
-Өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін грант берудің бүкіл процесі электронды форматқа ауыстырылды. Осы жылы «Ақтау қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-не 715 өтінім келді. Оның 260-ына комиссия шешімімен грант берілді. Соның ішінде 130-ы әлеуметтік санаттар, ал қалған 130-ы жастар алды. Ашылған кәсіптердің басым көпшілігі шаштараз, кондитер, тігінші, шиномонтаж, сұлулық салондары мен жартылай дайын өнімдер жасау, массаж және баспаханаларға берілді,- деді Ербол Ізбергенов.
Естеріңізге сала кетейік, грант тұтынушылық мақсатқа, кредитті өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, өнім өндіруге берілмейді.