Маңғыстау облысында оқуға құштар жас көп. Олар өз жолын, бағыты мен мақсатын анықтап, бос уақытын тиімді өткізуге жұмсайды. Соның нәтижесінде көздеген межеге жетіп, шыңды бағындырып жүр. Сондай зияткер жастың бірі – Бейбарыс Орынбасар.
Биыл Бейбарыс Орынбасар Ақтаудағы Назарбаев зияткерлер мектебін аяқтады. Білім жолында бірқатар жетістігі мен жаңалығы бар. Ертеңнен бастап жыл сайын өтетін Жер туралы ғылымдар бойынша халықаралық олимпиадада бақ сынайды. Айтуынша, олимпиадаға 37 мемлекет қатыспақ. Әр елдің ұлттық құрамасында сегіз қатысушы болады. Олимпиаданың әр кезеңі 3 сағатқа созылады.
Одан бөлек Бейбарыс әлемнің үздік 5 университетінен, атап айтқанда, Венгриядағы University of Debrecen, Италиядағы La Sapienza University of Rome, Германиядағы Jacobs University Bremen, Гонконгтегі Hong Kong Baptist University және Катар мемлекетіндегі Hamad Bin Khalifa University-нен шақырту алған. Таңдауды Венгриядағы University of Debrecen-ге жасаған.
«Менің таңдауым Венгрияға түсті. Себебі бұл ел – заманауи және қауіпсіз, сондай-ақ білім алуға таптырмас мемлекеттің бірі. Жалпы Венгрияға оқуға түсуге 10-сыныпта «Стипендиум Hungaricum» гранты туралы білгенде қызығушылық таныттым. Бұл грант оқу ақысын, тұруды, стипендияны және медициналық сақтандыруды қоса алғанда, барлық шығынды қамтиды. Қазақстан мен Венгрия тарапынан іріктеуден өтіп, Дебрецен университетіне инженер-механик мамандығы бойынша оқуға түстім. Бұл физика, математика және информатиканы тереңдетілген деңгейде оқуды қамтитын өте заманауи мамандық. Болашақта технология саласында дамуымды көремін», – дейді Бейбарыс Орынбасар.
Кейіпкеріміз Бейбарыстың технология және инженерияға деген құштарлығы бала кезден басталған. Алғаш LEGO блоктарын пайдаланып, көліктер мен ұшақтарды құрастырған. Оның айтуынша, кейбір механизмдердің қарапайымдылығы мен механикалық мәселелердің талғампаз шешімдері ғылымды үйренуге, одан әрі тереңдетуге қызықтырған.
Ал бос уақытын Data Science және Machine Learning принциптерін зерттеуге арнайды. Сонымен қатар жеңіл атлетика мен жүзуді өте жақсы көреді. Тек жай хобби ретінде айналысып қоймайды, жарыстарға қатысу мүмкіндігін де жібермеуге тырысады.
«Мен өз замандастарыма басылған жолмен жүрмеуге кеңес беремін. Өйткені әр адамның өз жолы бар. Өз жолыңды анықтасаң, онда міндетті түрде табысқа жетуге болады», – дейді Бейбарыс Орынбасар.