Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен Жайдарман ойындарынан Жоғары лиганың финалдық сайысы өтті.
Финалдық бәсекеде маусым бойы үздік өнер көрсеткен 4 команда бақ сынады. Командалар «Сәлемдесу», «Жамбы ату» және «Жұлдызды көрініс» кезеңдерінде өз өнерлерін көрсетіп, тапқырлықтары мен сахналық шеберліктерін ортаға салды. Өзекті тақырыптарды әзілмен жеткізіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Командалардың өнерін Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Қалампыр Уәзірова, ардагер жайдарманшы, шоумен Әлқуат Насухаұлы, «Каспий» футзал клубының ойыншылары Нұрсұлтан Таңатұлы мен Райымбек Жұма, актер, республикалық Жайдарман Жоғары лигасының чемпионы Ғалым Махамбетов және ардагер жайдарманшы Дәулет Сағынтаев бағалады.
Тартысты өткен финалдық сайыстың қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен «Hype Models» командасы III орынды, «Не хабар» командасы II орынды иеленсе, «Татьяна» командасы маусым чемпионы атанды. Сонымен қатар «Татьяна» командасы келер жылы Маңғыстау облысының атынан республикалық «Чемпиондар лигасында» өнер көрсетуге жолдама алды.
Биылғы маусым жайдарманшылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, тәжірибе жинақтауына және жаңа қырынан танылуына мүмкіндік берді.
Маусым бойы өнер көрсеткен барша командаларға, қазылар алқасына, қолдау білдірген көрермендер мен Жайдарман жанашырларына алғыс білдіреміз! Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, алдағы сайыстарда сәттілік тілейміз!
Келесі маусымда кездескенше, Жайдарман!



















