«Жылдың үздік студенті» облыстық байқауы өтті

Бүгін Маңғыстау облысының студенттері арасында «Жылдың үздік студенті» облыстық байқауы өтті. Қатысушылар 10 аталым бойынша сынға түсті. Салтанатты шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев, Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Батырхан Қуанышбеков, Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының басшысы Абылай Фазылбек және Бокстан Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, «Modern» компаниясының жұртшылықпен байланыс директоры Ким Алена қатысты.

Байқау нәтижесінде «Жыл студенті – 2022» аталымына Фатима Есенғалиева ие болды. Ал «Үздік белсенді студент» аталымы Ақмарал Атамурадоваға, «Үздік мобилография» номинациясы Назерке Қойшыбекқызына бұйырды. Ниязбай Адайбек «Үздік спортшы», Нұрбол Абдулла «Үздік өнерпаз», Мақсат Тілегенов «Үздік студенттік өзін-өзі басқару ұйымының төрағасы» атанды. Сондай-ақ Жанболат Алиев «Үздік ақын»,Элеонора Сәкенқызы «Үздік ерікті», Снежанна Денещик «Үлгерімі бойынша үздік студент» және Нұрсұлтан Терликпаев «Үздік суретші» номинациясына ие болды. Ал «Үздік спорттық оқу орны» номинациясымен Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжі марапатталды.

«Жылдың үздік студенті боламын деп ойламадым. Есімімді жеңімпаздар қатарында атағанда толқып, сахнаға шықтым. Әрине, қуаныштымын. Бұл тек менің ғана жеңісім емес, ұстаздармен бірлескен көп жылдық еңбектің жемісі. Осы ретте ұстаздарыма және ұйымдастырушыларға алғыс айтамын», – деді жылдың үздік студенті Фатима Есенғалиева.

Фатима Есенғалиева Yessenov University-де 4-курста білім алады. 2019 жылы университет табалдырығын аттағаннан бері пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Көптеген ғылыми жобаларды қорғап, түрлі сында бақ сынаған. Фатиманың ғылыми мақаласы Чехия Республикасы Прага қаласында, сонымен қатар Омск қаласында ұйымдастырылған халықаралық-ғылыми практикалық конференцияларда жарық көрген. 2021 жылы «Бөбек» қорының ұйымдастыруымен өткен байқауда «Үздік жас ғалым» төс белгісіне ие болған. Биыл «Жас мемлекеттік қызметші мектебі» жобасы бойынша тағылымдамадан өтті.

Айта кетейік, байқауға 30-ға жуық студент өтінім берген. Байқауды Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесе «Ақтау студенттер Альянсы» ұйымдастырды. Сонымен қатар мерекелік кешке «Кеттік Маңғыстау» турагенттігі және «Модерн» компаниясы демеушілік көрсетті.

Exit mobile version