Жазғы универсиаданың ашылу салтанаты өтті

Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының студенттері арасындағы XII жазғы Универсиадасының ресми ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты жиын «Маңғыстау-Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылды. Оған мыңдаған адам жиналып, шоу бағдарламаны тамашалады. Ал универсиадаға қатысушы спортшылардың салтанатты шеруі сахнаның сәнін арттырды. Соныиен қатар кеш қонақтарына «Кемелдікке жеткізер күш – білім мен ғылым!» атты театрландырылған қойылым ұсынылды.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан студент жастарды республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараларға тарту жұмыстары қарқын ала түскенін айтты.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, XII жазғы Универсиада ашық деп жарияланды.

Дүниежүзілік Универсиада Туын Есенов университетінің спорттан әлем, чемпиондары, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері М.Каналиева, Ж.Тұрақбай, Н.Ғалымбекұлы, О.Алтынбек алып шықты.

Айта кетейік, Ақтау универсиадасының жеңімпаздары 28 шілде – 8 тамыз аралығында Қытайда өтетін XXXI Дүниежүзілік жазғы Универсиадаға және 24-29 қыркүйекте Түркістанда өтетін II Түркі Универсиадасына қатысуға жолдама алады.

Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, Yessenov University ұйымдастыруымен алғаш рет Ақтау қаласында өтіп жатқан XII жазғы Универсиада ойындары 24 мамыр күні басталған болатын. 24 маусымға дейін жоспарланған студенттер сайысы 17 спорт түрінен, 20 жарыс бойынша жүріп жатыр. Оған елдің 55 университетінен 3000-нан астам студент қатысуда.
Универсиаданың жабылу салтанаты 22 маусым күні өтеді.

Exit mobile version