Биыл Маңғыстау облысында «Жасыл ел» еңбек жасағымен 1750 жас жұмысқа орналасады. Ал Ақтау қаласынан 300 жас жұмыспен қамтылады. «Жасыл ел» еңбек жасағына тұрмысы төмен, көпбалалы және толық емес отбасы санатындағы жастар мен арнаулы білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп жатқан балалар қатысып жатыр.
Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығының мәліметінше, «Жасыл ел» еңбек жасағы 2 кезең бойынша іске асады. Қазіргі бірінші маусымда 6 топқа бөлінген 150 бала жұмыс істеп жатыр. Олар қала аумағын тазалап, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарымен айналысуда. Жастар ҚР-ның заңнамасына сәйкес ең төмен жалақы, яғни 70 000 теңге алады. «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысы тамыздың ортасына дейін жалғасады.