Жастар театры «Той көйлек» қойылымын сахналады

Маңғыстау облысының «JasArt» жастар театры кезекті «Той көйлек» қойылымын қалың көпшілікке ұсынды. Қойылымға қоғамдағы ажырасу, отбасы мәселелері арқау болған. Жанры да тым бөлек, актерлар көрерменнің ортасынан шығып, олармен тікелей сөйлесу арқылы қоғамның дертін көрсеткен.

«Бүгінгі күннің дерті – ажырасу. Бұған отбасыдағы зорлық-зомбылық, жұмыссыздық, өзгемен көңіл жарастыру сияқты мәселелер себеп болады. Ауруды дер кезінде емдемесек, асқындырып аламыз. Ал біз оны өнер арқылы емдеуге, көптің назарын өзекті проблемаға аударуды жөн көрдік. Себебі өнер кез келген жанның жүрегіне жетіп, санасын жаңғыртады», – деді жастар театрының директоры А. Исаева.

Оның айтуынша, проблеманың шешімі – ұлттық құндылықтарға негізделген отбасы институы. Сезімге толы жүрек пен биік сананың үйлесімі. Қойылым махаббатқа толы ыстық көңілмен аяқталады. Бақыт бағалаудан тұратынын тағы бір есті жанға естіртеді.

Кейіпкерлерді 14 пен 20 жас аралығындағы әуесқой өнерпаздар сомдады. Олар бір ай бойы дайындалып, кейіпкерлерінің тағдыры мен эмоциясын өн бойынан өткізуге тырысты. Соның нәтижесінде туынды көпшіліктің көңілінен шығып, әртістердің қабілеті тәнті еткен. Театр ұжымының айтуынша, 150 адамдық конференция залына 200-ден аса адам келген. Алдағы уақытта облыс аймақтарын аралап, гастрольдік сапарға шығуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, қойылым Маңғыстау облысының жастар саясаты жөніндегі мәселелері басқармасының тапсырмасы негізінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның «Жастар театрының жұмысын ұйымдастыру» атты әлеуметтік жобасы аясында орындалды.

Exit mobile version