Жастар театры «Беу, қыздар-ай!» комедиясын сахналады

«JasArt» жастар театры Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығында Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың туындысына негізделген «Беу, қыздар-ай!» қойылымын сахналады.

Қойылымда көрермендер жар іздеген жігіттердің махаббат оқиғасымен қатар ауылдың қызыққа толы өміріне сапар шегеді. Тұрғындардың зілсіз әзіл-қалжыңы, салған әсем әні, сауыншы қыздардың ойы, қаладан келген жігіттердің махаббат үшін ауылды көркейткен іс-әрекеті көрермен көңілінен шығады.

Жеңіл комедия болғанымен ой салар салмағы ауыр. Қойылым режиссері Ринат Іздібайұлының айтуынша, спектакль арқылы білімді жастар қалаға ғана емес, ауылға да қажет екені көрсетілді.

«Қазіргі таңда «ауылды көркейтемін» деп мақсат қоятын білімді жас санаулы. Көп жағдайда жастардың басым бөлігі алған білімін қалада қолданғанды құп көреді. Сондықтан аталған қойылым арқылы қалада білім алып, тәжірибе жетілдірген жігіттердің ауылды көркейтіп, көпке үлгі болғанын көрсете отырып, ауылда да бақытты болатынын түсіндіргіміз келді», – дейді Ринат Іздібайұлы.

Оның айтуынша, қойылымда басты рөлдерді сомдаған әртістер – 14 пен 20 жас аралығындағы жастар. Олар бір ай бойы қойылымға дайындалып, рөлдерін өз деңгейінде орындап, көрермендердің қошеметіне ие болды. Сондай-ақ облыстық жастар театрының қойылымдары көптің қызығушылығын тудыруда. Мұны қойылымға келген көзі қарақты көрермен санының еселенуінен байқауға болады. Алдағы уақытта театр әртістері «Беу, қыздар-ай!» спектакльімен гастрольдік сапарға шығуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, қойылым Маңғыстау облысының жастар саясаты жөніндегі мәселелері басқармасының тапсырысы негізінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның «Жастар театрының жұмысын ұйымдастыру» атты әлеуметтік жобасы аясында сахналанды.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Exit mobile version