Биыл маңғыстаулық көшбасшы жастар тағы да шетелде тағылымдамадан өте алады. Қазіргі таңда байқауға өтінім қабылданып жатыр.
Ұйымдастырушылар жас көшбасшыларға арналған шетелдік тағылымдама арқылы аймақтық жастар саясатында 4 халықаралық серіктестікке қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Жобаға жастар ұйымдары басшылары мен өңір көшбасшыларының қатысуға мүмкіндігі бар.
– Іріктеуден өткен көшбасшы жастар Ресей Федерациясы Мәскеу мен Санкт-Петербург қаласында, Чехия Республикасы Прага қаласында тағылымдамадан өтеді. Сол елдегі жастар ұйымдарымен, әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарының жұмысымен танысады. Жоба аясында тағылымдамадан өтушілердің кемінде 5 авторлық қысқа мерзімді әлеуметтік жобасының орындалуына үйлестіру және сүйемелдеу жүргізіледі. Сонымен қатар аймақтағы жас көшбасшылар кемінде 4 шетелдік және отандық серіктестікке ие болады, – дейді жоба жетекшісі Наурызбек Мағдатов.
«Жастар тағылымдамасы» жобасына қатысу үшін көшбасшылар арасында байқау өткізіліп, өтінім қабылданып жатыр. Байқауға өтінім 3 маусымнан 18 маусымға дейін tupkaraganzhastary@mail.ru электронды поштасы арқылы қабылданады.
Айта кетейік, «Жастар тағылымдамасы» жобасы биыл үшінші рет өткізіліп жатыр. Жобаны «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысы негізінде ұйымдастыруда.
Бұған дейін маңғыстаулық жастар Грузия, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия еліне және Алматы қаласына барып, тағылымдамадан өтті.