Жастар күнінде «Жиналайық» өтеді

12 тамыз күні «Aktownx» шығармашылық бірлестігі Амфитеатр алаңында «Жиналайық» шарасын ұйымдастырады. Жастар күніне арналған концерт сағат 19:00-де басталады.

Еске салайық, аталған жоба «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» және «Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының» қолдауымен өтеді.

2022 жылдан басталған «Жиналайық» жобасы өңірдегі музыка және хореография бағытындағы жас таланттарды анықтауға, оларды қолдауға бағытталған. Ал биыл жоба ауқымды деңгейде өтіп жатыр. Кастинг жарияланып, жаңа өнерпаздардың есімі жастар арасында танылуда.

«Aktownx» шығармашылық бірлестігінің негізін қалаушы Нұрсұлтан Мұрзабектің айтуынша, биыл жоба аясында 22 өнерпаз топ ішінен суырылып, сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Жылдың алғашқы «Жиналайық» шарасы 27 мамыр күні өтті. Онда 10-ға жуық жас талант 170-тен астам көрерменнің алдында алғаш рет авторлық әндерін орындады. Жалпы осы уақытқа дейін жүздеген жас ашық алаңда корқынышын жеңіп, емін-еркін өнерін көрсетті.

Айта кетейік, «Aktownx» шығармашылық бірлестігі 2019 жылдан бері жастар арасында танымал. Негізгі мақсаты – жас ұрпақтың шығармашылық белсенділігін, кәсіби біліктілігін көтеру, өзін-өзі жетілдіру дағдысын қалыптастыру. Сонымен қатар Маңғыстау облысында үлкен нетворкинг алаңын құру арқылы жастардың талантын дамытуға қолайлы жағдай жасау.

Exit mobile version