Кеше №21 мектептің 8-сынып оқушылары медицина саласында қызмет етіп жүрген білікті дәрігерлермен кездесті. Шара «Кәсіби бағдар» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Жастармен кездесуге облыстық онкологиялық диспансерінің онкохирург, мамологы Алтыншаш Дүйсеналиева, Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының гастроэнтеролог, гепатолог-дәрігері Айкерім Сақтаған және уролог-дәрігер Бекарыс Асқар келді. Олар мамандыққа келу жолы мен өмірлік тәжірибелерін айтып, жастарға кеңесін берді.
Дәрігерлер мамандық таңдауда қателеспеу керек екенін айтты. Дұрыс таңдалған мамандық арқылы ғана жетістіктер мен биік шыңды бағындыруға болады. Өз салаңда үздік атанып, сенімсіздіктен араласың. Осы ретте медицина саласының мамандары жастарды білім алуға, қызығушылықтарын анықтауда еңбек етуге және ізденуге шақырды.
Жалпы кездесудің мақсаты – медицина саласын таңдайтын оқушыларға кеңес беру, заманауи медицина әлемімен таныстыру, жастарға мотивация сыйлау. Сондай-ақ өзін-өзі тануға деген қызығушылықты және кәсіби тұрғыдан дамуға деген құштарлықты арттыру.
Шараға 50 шақты оқушы қатысты. Олар келген қонақтарға сұрақтарын қойып, белсенділік танытты.