Жастар арасында жұмыссыз қыз-келіншектер саны 11% артты

фото ғаламтордан алынды

Жұмыссыз жастардың 12% тұрақты табыс көзінсіз жүргеніне бір жылдан асқан. Finprom.kz ресурсы осындай дерек келтіріп отыр, – деп хабарлайды mangystauzhastary.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Жастар арасындағы жұмыссыздықпен күрес жемісін беріп келеді. Олардың үлесі күн санап азайып жатыр. Алайда жұмыссыз жастардың 12% астамы бір жылдан астам уақыт жұмыс таба алмай жүр.

Үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстанда 72,2 мың жұмыссыз жас болған. Бұл былтырғы статистикадан 6,9% аз.

Жұмыссыз ерлер саны 28,1%, яғни, 25,4 мыңға дейін қысқарса, жұмыссыз әйелдер саны, керісінше, 10,9%, яғни, 46,8 мың адамға дейін өскен.

Дегенмен, 2021 жылдың үшінші тоқсанында елімізде жасы 29-дан аспаған 77,5 мың жұмыссыз болса, биыл олардың саны 6,9% азайып отыр.

Осылайша жұмыссыз жастардың саны үшінші жыл қатарынан азайған.

Өңірлер арасында жұмыссыз жастардың көбі Алматыда шоғырланған – 12,5 мың адам (былтырғыдан 10,6% аз).

Сондай-ақ, ел астанасында 7,8 мың жас (+16,9%) және Түркістан облысында 6,7 мың жас (+10,7%) жұмыссыз жүр», – деп жазады Finprom.kz.

Жұмыссыз жастар ең аз өңір Ұлытау облысы – 665 адам.

Ресурс мұны қайтадан ашылып жатқан облыстың статитикасы дұрыс қалыптаспай жатуы ықтималдығымен байланыстырады.

«Жұмыссыз жастардың көбі, нақтырақ айтсақ, 20,9 мың адам жылдың үшінші тоқсанында 1 айдан 3 айға дейін жұмыс іздеп жүрген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 7,3% аз.

Бір ай ішінде жұмыс тапқан 29 жасқа дейінгі адамдар саны 4,8% өсіп, 16,4 мыңға жеткен.

18,5 мың жұмыссыз жас 3 айдан 6 айға дейін, 7,5 мың жұмыссыз жас жарты жылдан бір жылға дейін, 8,8 мың жұмыссыз жас бір жылдан астам уақыт жұмыс іздеп жүр», – деп жазылған сараптамада.

Exit mobile version