«Zhas project»: Маңғыстаулық 8 жасқа грант берілді

Маңғыстауда «Zhas project» жобасының жеңімпаздарына сертификат табысталды. Енді өңірдегі 8 жас 1 млн теңге грантпен кәсібін бастай алады.

Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы негізінде  «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен Алматы және Маңғыстауда орындалып жатыр.

– «Zhas project» жобасы 2023 жылы еліміздің барлық облысында сәтті орындалды. Негізгі мақсаты – ақпараттық-түсіндіру және ағартушылық жұмыстар арқылы NEET санатындағы жастар арасында кәсіпкерлік деңгейін арттыруға жағдай жасау. Соның нәтижесінде жастарды қоғамның әлеуметтік-экономикалық өміріне баулып, іскерлік қоғамда мүмкіндігін сынай алады. Биыл жобаға Маңғыстау облысы бойынша 154 өтінім түсіп, техникалық іріктеуден өткен 52 жоба байқау комиссиясына жолданды. Комиссия шешімімен 8 маңғыстаулықтың жобасы үздік атанды. Мұнда гранттық қаржы қатысушылардың есепшотына түспейді. Яғни, жобалық кеңсе қатысушылардың гранттық өтінімде көрсетілген қажетті тауарлар мен қызметтерге келісімімен төлем жасайды, – деді жоба жетекшісі Наурызбек Мағдатов.

Жоба жетекшісінің айтуынша, енді жұмыссыз жастар жоба аясында оқытудан өтіп, арнайы іріктелген менторлардың қолдауына ие болады. Ал қараша айында үздік жоба авторларының қатысуымен қорытынды форум өтеді.

Exit mobile version