Ақтау қаласына жиналған 100 жас маман «Грант. Конкурс. Жоба» тақырыбында өткен оқытуға қатысты. Оқытуды «Samga Academy» тұлғалық даму орталығының директоры, сертификатталған коуч ICU, бизнес-тренер Бибігүл Шайхиева жүргізді.
Үш күндік оқыту барысында жас мамандар идея табу және сол идеяны іске асыру мақсатында гранттық конкурсқа жоба жазудың тиімді жолдарын меңгерді. Сонымен қатар топтық жұмыстың маңыздылығын түсініп, қазіргі заман тенденцияларымен танысты.
Оған қоса қазіргі таңда мемлекет тарапынан беріліп жатқан гранттық жобаларды, атап айтқанда «Тәуелсіздік гранттары», шағын гранттар мен қайтарымсыз гранттар туралы ақпараттар айтылды.
«Оқыту жоғары деңгейде өтіп жатыр. Алғашқы күні оқушылармен жұмыс істеуде, оларды тыңдатуда ескерілетін қағидалармен таныстық. Ал екінші күні гранттар жайлы толығырақ ақпарат алып, соның аясында қоғамның оң өзгерісіне ықпал ете алатынымызды түсіндік. Өзім биылдан бастап ұстаз ретінде еңбек жолымды бастадым. Сондықтан осы оқытудың арқасында көптеген тәжірибе алдым. Алдағы уақытта нәтижесін көремін деген ойдамын», – дейді Тобанияз мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Назира Амангелдіқызы.
Еске салайық, оқыту «Жас маман» жобасы аясында өткізіліп жатыр. Жобаны «Жеті жұрт» қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облысының білім басқармасының тапсырысы негізінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ бірлесе ұйымдастыруда.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА