Жаңаөзендік бала туралы кітап жарық көрді

Қазіргі таңда жастар арасында “Самғар күнделігі” кеңінен танылып келеді. Jaiq коммерциялық емес ұйымы мен Саясат Нұрбектің қолдауымен жарық көрген кітаптың бірнеше авторы бар.

Кітапта басты кейіпкер ретінде қарапайым көпбалалы отбасынан шыққан жаңаөзендік 9-сынып оқушысы Самғар туралы жазылған. Әкесі – мұнайшы, анасы – мұғалім Самғар қандай мамандықты таңдарын білмейді. Оның алдында екі жол тұр: не колледжге кету, не 11 сыныпқа қалып ҰБТ тапсыру. Самғар жақындарының және жаңа оқу тәсілдерінің көмегімен өмірлік мақсатын табуға тырысады.

Үш бөлімнен тұратын кітаптың 1-ші бөлімі «Самғар күнделігі: Тасжарған» деп аталады. Бұл кітапта өзін тану үшін интерактивті тапсырмалар, оқытудың заманауи әдістемелері және шынайы кейіпкермен комикс қосылған.

Кітаптың «Самғар күнделігі: ердің жолы» аталатын екінші бөлімі биылғы күзде жарық көреді. Бұл бөлімдегі оқиға бойынша бас кейіпкер Алматыға келеді. «Самғар мамандығын қалай меңгереді», «Тәжірибе жинап, ақша табу үшін не істейді», «Алғашқы махаббатымен қосыла ала ма?» дейтін сұрақтардың жауабын екінші бөлімнен оқуға болады.
Кітаптың үшінші бөлімі әлі жазылып жатыр. Ол «Самғар күнделігі: аманат» деп аталады. Бұл бөлімде оқуын аяқтап, отбасын құрған Самғардың алдында тағы маңызды шешім қабылдайтын сәт туады. Жұмыс істеу үшін шетелге кету, қалада қалу немесе туған жеріне оралып, қызмет ету? Ол қандай таңдау жасайтыны әзірше белгісіз. Себебі авторлар мұны оқырманымен бірге жазады. Кітаптың алғашқы бөлімін оқыған кез келген адам өз сценарийін ұсына алады.

Айта кетейік, алдағы уақытта “Самғар күнделігі” трилогия негізінде қысқаметражды анимациялық мультсериал болып шығады.

Exit mobile version