Жаңаөзенде жастар күні аталып өтті

Жаңаөзен қаласында қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай бірқатар қоғамдық-мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.

Қала жастарының сұранысы бойынша заманауи мамандықты қысқа мерзімде оқыту бағытталған «ZhasMob» екі күндік курс ұйымдастырылды. Курсқа 30 жас іріктеліп алынып, қатысушылар білікті мамандар Нұрлан Ибрагимов пен Батыржан Камаловтың мобилографиядан тегін шеберлік сағатынан өтуге мүмкіндік алды.

Биыл қайта құрылған қалалық жастар ресурстық орталығы қала жастары мен тұрғындарын «Zhastar Fest – 2023» мерекелік концертінде жинады. Мерекелік кешке өңірімізге танымал эстрада жұлдыздарынан бөлек, елімізге «Qanay» лақап атымен танымал Нұрболат Қанай, Айбек Серікханов пен Берік Ниязқұл, Асылтас Аяп және т.б. эстрада жұлдыздары қатысты.

«12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай қаламызда бірқатар қоғамдық-мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қала жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған іс-шаралардың нәтижелерін қысқа мерзімде көріп келеміз. Бүгін 5000-нан астам көрерменді жинаған кеште қала жастары мен тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлап, қала жастарының әлеуетін паш ете алдық деп ойлаймын» – деді, қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Асқар Қойлыбаев.

Сонымен қоса, Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының «Jastar Week» жастар апталығы аясында ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспарына сәйкес Жаңаөзен қаласында жастар арасында стритболдан жарыс пен «Арбат time» жастар кешін ұйымдастыру жоспарланған.

Exit mobile version